Еліміздің егемендік жолда еңсе тіктеп, азаттықтың арқасында ғасырдан ғасырға айқын қадам басып келе жатқаны баға жетпес құндылықпен тең. Биыл Қазақстанның мемлекет ретінде тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 35 жыл толып отыр.
Осынау мерейлі кезеңде еліміз алдымен шекарасын шегелеп, әлеуметтік, саяси, экономикалық бағытта талай белесті бағындырды. Әлі де жетістік жолында межелі міндеттерді еңсеріп келеді. Жер жаһандағы мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайтып, әлемдік аренада орнықты орнын қалыптастырды.
Ел аумағындағы өңірлердің өсіп-өркендеуі де кеңінен қанат жайды. Сан салада тұрақты даму деңгейі қалыптасты. Оның ішінде өз алдына аудан болып бөлек шыққандар қаншама. Солардың арасында алып мегаполис – Алматымен іргелес жатқан Қарасай жері де бар.
1929 жылы құрылған ауданның тәуелсіздік жылдарындағы жарқын жетістіктері аз емес. Расын айтқанда, әр жыл сайын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму қарқыны белең алып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Осындай нәтижелі, іргелі істерге білім саласындағы оңды өзгерістерді жатқызуға болады. Әсіресе, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ерекше рөл атқаратын мектептердің қатары артты.
Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында өз тәуелсіздігін жариялағаны белгілі. Осы сәттен кейін, яғни, 1992 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қарасай жерінде 37 мемлекеттік мектеп есіктерін айқара ашты. Әрбірі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, білім беру инфрақұрылымының дамуына үлес қосты.
Ендеше Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай осы білім шаңырақтарының тарихына көз жүгіртіп, бүгінгі жай-күйінен сыр шертсек, артық болмас.
Көкөзек орта мектебі
Көптеген өндіріс орнымен ерекшеленетін Қарасай ауданында жалғыз ауылдық округ бар, ол – Елтай. Оның аумағында орналасқан Көкөзек ауылында 2000 жылдың 25 тамызында жаңа мектеп ашылды. Бұл ғимарат Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қарасай жеріндегі алғашқы білім мекеме ретінде тарихта қалды. Бұрын аталған елді мекенде бастауыш, одан кейін сегізжылдық мектеп болған. 2000 жылы осы ескі білім мекемесіне ауқымы кең, 320 оқушы сиятындай жаңа ғимарат қосылып салынды. Осылайша тұтастай бөлек жаңа нысан болып, сол жылы ауылдың атымен аталатын орта мектеп мәртебесі берілді.
Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектеп
Райымбек ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы мектептің тарихы 1966 жылы Ақсай өзенінің маңындағы төртжылдық шағын білім ұясынан басталған. Ол кезде бастауыш сыныпқа арналып, 4-5 мұғалім қана қызмет еткен. Алғаш директоры Ю.М.Кершикаев болып, біраз жыл мекеменің қалыптасуына әрі дамуына үлес қосты. Кейін бұл мектеп сегізжылдыққа ауысты.
Уақыт өте келе халық санының артуына байланысты Жаңатұрмыс ауылына 2002 жылы жаңа мектеп салынып, ел игілігіне берілді. Содан бері мекеме табысты жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда мектепте жоғары санатты ұстаздар еңбек етіп, 500-ден астам бала білім алуда.
Ә.Байсалбаев атындағы орта мектеп
Қарасай жерінде 2003 жылы білім шаңырағының саны тағы біреуге артты. Ол – Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Тұрар ауылындағы Әбіжан Байсалбаев атындағы орта мектеп.
Білім ошағының Әбіжан Байсалбаев деп аталуының да өз сыры бар. Деректерге сүйенсек, ол кезінде Алматы облысы бойынша 14 мектепті ашуға ықпал еткен. Одан бөлек ол – жалпы Қарасай өңірінде алғаш қазақ балаларына білім ұясын ашқан белсенді қайраткер, ағартушы. Неге десеңіздер, 1918 жылы 15 қыркүйекте Жетісу уезі, Жайлымыс болысында уездік халық-ағарту бөлімінің бұйрығы бойынша қазақ балаларына тұңғыш түрік мектебі ашылды. Бұл жайында бұйрықтың көшірмесі Ә.Байсалбаевтың архивінде сақталған. Ал осы білім ошағының директоры өзі болған. Міне, Әбіжан Байсалбаевтың қандай тұлға екенін осыдан-ақ байқауға болады.
Бүгінгі таңда Тұрар ауылындағы бұл мектепте 1524 оқушы білім алып, 141 мұғалім еңбек етеді.
А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия
Жібек жолы ауылында 20 жылдан астам тарихы бар мекемелердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия. Білім ұясы 2003 жылы ашылған. Бұл мектеп талай жыл Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебі деп аталып келді.
Үшқоңыр орта мектеп-гимназия
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шамалған ауылында алғаш ашылған мектептердің бірі – бүгінгі Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясы.
Мекеме салтанатты түрде 2004 жылы 1 қыркүйек күні ел игілігіне берілді.
Аталған мектептің атауында өзгерістер орын алған. Нақты айтқанда, 2009 жылы мектеп-гимназия жанында шағын орталықтың ашылуына байланысты мектеп құжаттары қайта заңдастырылып, лицензияға сәйкес «Шамалған ауылындағы орта мектеп-гимназия ретінде өз жұмысын жалғастырды. Ал 2012 жылғы берілген лицензияға сәйкес Үшқоңыр ауылындағы орта мектеп-гимназия деп аталды.
Ғимараттың жалпы сыйымдылығы 600 оқушыға арналған. Қазіргі уақытта мұнда 1816 оқушы білім алып, 127 мұғалім жұмыс істейді.
Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебі
Қарасай ауданы бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған алғашқы нысандардың бірі – Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебі. Мекеме 2008 жылы 300 оқушыға арналып ашылды.
Жергілікті халық санының артуына байланысты 2017 жылы мектепке заманауи үлгіде қосалқы ғимарат салынып, оқушыларға кең әрі заманауи мүмкіндіктер ашылды.
Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебі 3 гектар аумақта орналасқан, ал ғимараттың жалпы ауданы – 10 792 шаршы метр. Типтік жобамен салынған бұл білім кешені 1200 оқушыға арналғанымен, бүгінгі таңда мұнда 1615 оқушы 67 сынып комплектісінде білім алуда. Аталған білім ошағында жоғары білімді 123 мұғалім қызмет етеді.
Абай ауылындағы орта мектеп
2008 жылы ашылған назардағы нысандардың қатарында Абай ауылындағы орта мектеп те бар. Білім мекемесі алғашында 300 балаға арналып ашылған. Оқушы санының көбеюіне байланысты 2019 жылы жанына жапсарлас қосалқы ғимарат салынды.
Бүгінгі таңда мектепте 1046 бала білім алады, сондай-ақ 98 мұғалім жұмыс істейді.
Шамалған ауылындағы орта мектеп
«100 мектеп, 100 аурухана» деп аталатын мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көрушілердің бірі деп Шамалған ауылын айтуға болады.
Дәл осы бастаманың нәтижесінде 2009 жылдың 4 сәуірінде аталған елді мекенге жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды.
Ғимарат 600 орынға арналған типтік мекеме ретінде бой көтерді. Іші жаңа технологиямен жабдықталды. Мәжіліс залының сыйымдылығы 390 адамға арналған, ал асханасындағы орын саны – 120.
Бүгінгі таңда мектепте 2500 оқушы білім алып, 161 ұстаз сабақ береді.
Ж.Бәрібаев атындағы орта мектеп
Көлащы ауылында тарихы тереңде жатқан нысандардың бірі – Жұбаныш Бәрібаев атындағы орта мектеп. Мемлекет қайраткерінің есімі берілген білім ұясы алғашында сегізжылдық болған. 2010 жылы аталған елді мекенде 300 оқушыға арналып жаңа ғимарат салынды.
Қазіргі уақытта мұнда 84 мұғалім қызмет етіп, 1022 оқушы білім алады.
Алтын ауыл орта мектебі
Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласында алғаш жаңа салынған білім ошағы – Алтын ауыл орта мектебі. Тұрғын үй кешеннің маңында бой көтерген мектеп 2012 жылдың 10 қазанында қолданысқа берілді. Оның сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Қазіргі таңда 2000-ға жуық бала білім алады. Мұғалімдер саны – 182.
Ә.Бұқарбайқызы атындағы қазақ орта мектеп
Шамалған ауылындағы еңсе тіктеген білім мекемелерінің бірі – Әлжан Бұқарбайқызы атындағы қазақ орта мектеп. 2014 жылдың қараша айында ашылған ғимарат 2021 жылға дейін Үшқоңыр қазақ орта мектебі деп аталып келді. Ал одан кейін білім ошағына Әлжан Бұқарбайқызының есімі берілді.
Жібек жолы ауылындағы қазақ,
Б.Тамабаев және Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептер
2014 жыл – Қарасай ауданындағы білім саласы үшін табысты жылға айналған кезең.
Мектептер бірінен кейін бірі ашылып, жақсы жаңалықтардың легі жалғасып жатты. Атап айтқанда, дәл осы жылы Жібек жолы ауылдық округіне қарасты округпен аттас ауылда қазақ орта мектебі, Елтай ауылдық округінің Қаратөбе ауылында Байбосын Тамабаев атындағы және Жамбыл ауылдық округінің Қошмамбет ауылында Қ.Қошамбетов атындағы орта мектептер ашылды.
Үштерек орта мектебі
Әйтей ауылының аумағындағы Үштерек елді мекеніне 2016 жылы жаңа орта мектеп пайдалануға берілді. Оның сыйымдылығы 300 оқушыға арналған. Білім ошағының ашылуы жақын маңдағы саяжайлар мен ауыл ішіндегі оқушыларға керемет сый болды.
Жамбыл ауылындағы №2 орта мектеп
Жамбыл ауылында елді мекенмен аттас жыр алыбының атында екі білім ошағы бар. Соның бірі – 2017 жылы бой көтерген Жамбыл ауылындағы №2 орта мектеп. Ғимараттың ашылуы сол жылы Білім күнімен тұспа-тұс келді.
Қазіргі уақытта бұл мектепте 1591 оқушы білім алады, педагогтер саны – 135.
Б.Момышұлы атындағы, Абай, Береке, Исаев ауылдарындағы орта мектептер
2017 жыл Қарасай ауданы үшін тағы толайым табысты болды.
Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылына елді мекенмен аттас ұлы ақынның есімімен №2 орта мектеп ашылды. Одан кейін Көлащы ауылында білім ошағы қолданысқа берілді. Қазір ол мектеп Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп болып аталады.
Ал тағы жақсы жаңалықтың бірі Елтай ауылдық округінде орын алды. Атап айтқанда, Береке ауылы мен Исаев ауылдарында жаңа мектептер бой көтерді.
Шалқар орта мектебі
Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында 2017 жылы жаңа мектеп ашылды. 600 оқушыға шақталып салынған мектептің жалпы ауданы – 10659 шаршы метр. Қазіргі уақытта 1295 бала білім алып, 97 мұғалім жұмыс істейді.
Кемертоған орта мектебі
2017 жылы ашылған мектептердің қатарында Іргелі ауылдық округінде орналасқан Кемертоған ауылындағы орта мектеп бар. Бұл ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталып, бір жылдан кейін қолданысқа берілді.
Б.Қосынов атындағы орта мектеп
Әйтей ауылындағы жалғыз білім ошағы – Бектенбай Қосынов атындағы мектеп. Жалпы ауылдағы мектептің тарихы 1938 жылдан басталады. Сол кезде негізі қаланып, 1990-1994 жылдары төртжылдық болды. Одан кейін мектеп ретінде қайта құрылып, оған мемлекет қайраткері Бектенбай Қосыновтың есімі берілді.
Уақыт өте келе әлеуметтік дамудың нәтижесінде Әйтей ауылына 2008 жылы жаңа мектеп салынғанымен, бірнеше жылдан кейін мекеме апаттық деп танылды. Осылайша елдің игілігі үшін ауыл ішінен жер телімі белгіленіп, заманауи талапқа сай үш қабатты жаңа білім шаңырағының құрылысы басталды. Нысан толығымен 2020 жылы қолданысқа беріліп, халықтың мерейін үстем етті. Қазіргі уақытта Б.Қосынов атындағы орта мектепте 1433 оқушы білім алады.
Батан ауылындағы орта мектеп
Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы Батан ауылының халқы жыл өткен сайын арта түсті. Тұрғындардың көптігінен әлеуметтік нысандардың қажеттілігі де білінді. Осылайша 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Батан ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Мектептің жалпы сыйымдылығы 450 оқушыға арналған. Қазір бұл мекемеде 707 оқушы білім алып, 73 мұғалім қызмет етуде.
Жармұхамбет ауылындағы екі орта мектеп
Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауылының халқы 2023 жылы қос қуанышқа куәгер болды. Дәл осы жылы екі мектеп бірден қолданысқа берілді.
Заманауи үлгіде салынған ғимараттар бүгінгі таңда қалыпты режимде жұмыс істеп келеді. Мектептердің ішінде оқушылардың сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және жан-жақты тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған.
Айтпақшы, осы елді мекеннің тарихында 2015 жылы алғаш мектеп қолданысқа берілген. Ол Жармұхамбет орта мектебі деп аталады.
Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназия
Қарасай ауданындағы үш ауысымда оқытатын мектептердің санын қысқарту мақсатында 2023 жылы Қаскелеңде сәулеті мен сәні жарасқан ерекше мектеп бой көтерді. Ғимарат салтанатты түрде осы жылдың 1 қыркүйегінде ашылып, қолданысқа берілді. Оның орналасқан жері – «Қарлығаш» ықшам ауданының маңайы. Білім ұясы ашылғаннан кейін бір жылдан соң оған жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілді.
1500 оқушыны бірауысымда оқытатын мектеп-гимназияның базасы заманауи үлгіде жабдықталған. Назардағы нысан үш бөліктен тұрады. Кіші және үлкен спортзалдары бар. Асханасы 270 адамға арналған. Мектеп үш қабатты болғандықтан, мұнда лифт те жұмыс істейді.
Мектеп алғашқы оқу жылында 700-ге жуық оқушыны қабылдаса, бүгінде мұнда 2800-ге жуық оқушы білім алады.
Үштерек ауылындағы №2 орта мектеп
2024 жылдың қаңтар айында Әйтей ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылында 8 жылдан кейін тағы бір мектеп пайдалануға берілді. 600 оқушыға арналған жаңа білім ордасының ашылуы сол кезде ауданымыздағы үш ауысымды мектептердің санын азайтуға септігін тигізді.
Ғимарат үш блоктан тұрады. Оның екеуі жоғары және бастауыш сынып оқушыларына арналған. Сонымен қатар 120 орындық асхана, 180 адамға арналған акт залы және үлкен спорт залы бар.
Өмірзақ орта мектебі
Тасжолдың бойында орналасқан «Өмірзақ» ықшам ауданының аумағында 2024 жылы жаңа мектеп салынды. Екі қабатты білім ошағы 900 оқушыға арналған.
Бұрын бұл ауданның тұрғындары балаларын жақын маңдағы мектептерге тасығандықтан, ғимараттың ашылуы жергілікті халық үшін жақсы жаңалыққа айналды.
Бүгінде Өмірзақ орта мектебінде 642 оқушы білім алады. 62 педагог жұмыс істейді.
Президент тапсырмасымен ашылған 8 мектеп
Бүгінгі таңда Қарасай ауданында үш ауысымда білім беретін мектептер жоқтың қасы. Оған басты себеп болған қуанышты жағдай – 2024-2026 жылдары аралығында салынған 8 мектеп.
Иә, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика көлемінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы біздің аудан үшін ұтымды бастамаға айналды. Соның арқасында 2024 жылдан бастап нағыз заман талабына сай, қолайлы білім ошақтары бірінен соң бірі бой көтеріп, аудан үшін жағымды жаңалыққа айналды.
Алғашында аталған жоба «Жайлы мектеп» деп аталып, 2025 жылдан кейін «Келешек мектептері» деген ұғымға ауысты. Оның да өз себебі бар. Өйткені барлық білім мекемесіне үлгі болатын және содан үйреніп, сол деңгейге жетуге серпіліс беретін мектептер қауымдастығын құру бағытындағы жаңа идеяға негізделді.
Осындай ұтымды жобаның арқасында Қарасай жеріне қарасты қала мен ауылдарда көптеген білім ошағы бой көтерді. Атап айтар болсақ, 2024 жылы Қаскелең қаласы мен Кемертоған, Көкөзек ауылдарында 1500 оқушыға арналған, сондай-ақ Қошмамбет, Елтай, Долан елді мекендерінде 1200 орындық мектеп ашылды. 2025 жылы сыйымдылығы 1200 оқушыға шақталып салынған Алмалыбақтағы білім ошағы қолданысқа берілді. Ал 2026 жылдың 1 қыркүйегінде бір ауысымда 900 бала білім алатындай Бұлақты ауылында жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды.
Дидар Мәлікұлы.

