Өнерге құштар талай шәкірттің шамшырағын жағып, мәдениеттің әлеміне жол сілтеген ауданымыздағы оқу ордаларының арасында Қаскелең мәдениет колледжінің орны қашанда бөлек. Бұл оқу ордасынан кезінде елімізге танымал біраз өнер адамдарды түлеп ұшты. Бүгінгі таңда бұл жерден әлі де өз жолын тауып, дарынымен дараланған өнерпаздар жетіп артылады.
Сондай-ақ аталған колледж басқа да оқу ордаларымен тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты, серіктестікті арттыру жағынан қалыс қалған емес. Осы тұрғыдан алғанда колледж директоры Саят Ақбасовтың жетекшілік қызметін, іскерлігін, байыпты басшылығын атап өтсек артық болмас.
Ынтымақтастықты арттыру демекші, сөзіміздің дәлелі ретінде жақында Қаскелең мәдениет колледжіне Түркия мемлекетінен Стамбул мәдени хорының ұжымы арнайы келіп, құрметті қонақ атанғандары айтуға болады. Бауырлас ағайындарды оқу ордасының оркестрі қарсы алып, ыстық ықыластарын танытты.
Кездесу барысында қадірлі меймандар колледждің шығармашылық бағытындағы жұмысымен танысып, өнерпаз ұжымның кәсібиліктерін жоғары бағалады. Одан бөлек Сердар Таштаноғлу басқаратын хор ұжымы түрік тілінде өнерлерін паш етіп, өз елдерінің мәдениетін, әндерінің тарихын таныстырды. Тіпті, ән қоржындарында қазақтың да туындылары бар екенін айтып, бірнешеуін орындап берді.
Бұл жылы жүздесудің негізгі мақсаты – Стамбул мәдени хоры мен Қаскелең мәдениет колледжі арасындағы ынтымақтастықты дамытып, тәжірибе алмасу болғандықтан, меморандум жасалды. Алдағы уақытта осы құжаттың негізінде екі елдің мәдениет пен өнер саласындағы шығармашылық достығы дамып, ортақ мәдени жобалар жүзеге асырылады. Атап айтар болсақ, ортақ концерттер, көрмелер, театр қойылымдары мен фестивальдер ұйымдастырылып, өнер саласында мамандар, ұжымдар мен студенттер алмасу көзделуде. Сонымен қатар халықтар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған шаралар өткізу де жоспарланады.
Түбі бір бауырлас елдердің достығына негізделген бұл кездесуге себепші жанның бірі – Қаскелең мәдениет колледжінің түлегі, педагог, екі елдің өнер әлеміне жол салушы Сымбат Асанова. Оның айтуынша, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайту бұрыннан келе жатқан дәстүрлі үрдіске айналған. Ал екіжақты келелі кездесуге түркиялықтар үшін қуанышты жайтқа ұласып, олар өз елдерінде осы жаңалықты БАҚ беттерінде жариялапты. Бұл жайында және өнер ұжымдарының кездесуі туралы Сымбат Рамазанқызы жақында өз ойымен бөлісті.
– 2014 жылдан бері қарай Түркияның Стамбул, Чинаржик, Ялова, Айвалык қалаларымен мәдени байланысты дамыту барысында жұмыс істеп келеміз. Осы мақсатта, яғни мәдени халықаралық байланыстарды арттыру негізінде Стамбул қаласындағы мәдениет саласының қызметкерлерін Қаскелең мәдениет коледжіне шақырдық. Оның барысында түркиялық мәдени ұйым болашақта осы Қаскелең мәдениет коледжімен бірлесе жұмыс істеу барысы талқыланды. Сол мақсатта екі елдің мәдениетін дамытуға бағытталған келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ Түркиядан келген қонақтар біздің елдің ұлтық өнерімен, салт-дәстүрімен жақын танысты. Олар Түркияға оралып, Қазақстанға деген сүйіспеншіліктерін, алған әсерлерін өз елдеріндегі ақпараттық желілерден көрсетіп, бөлісуде, – деп пікір білдірді Қаскелең мәдениет колледжінің түлегі Сымбат Асанова.
Тәжірибе алмасу кәсібилікті шыңдайтыны белгілі. Бұл ретте екі елдің өнер ұжымдары дұрыс бағытты таңдағаны анық. Онымен қоса бауырлас мемлекеттердің достығын одан сайын нығайта түседі деген сенімдеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

