Осыдан бірнеше апта бұрын Қарасай ауданының орталық ауруханасының күрделі жөндеуден өтетіні жайлы белгілі болған еді. Арада көп уақыт өтпесе де медициналық мекемені қайта жаңғыртуға қатысты жұмыстардың қалай жүріп жатқанына тағы назар аударуды жөн санадық. Осы мақсатта аудандық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Сатыбалдымен сұқбаттасудің ретін тауып, жөндеу жұмыстарына қатысты бірнеше сауалға жауап алдық.
– Бауыржан Нұрланұлы, Қарасай клиникалық көпсалалы ауданаралық орталық ауруханасының күрделі жөндеуіне қатысты ақпаратымен бөліссеңіз. Мәселен, нақты қашан басталды? Ал оның аяқталуы қашанға жоспарлануда дегендей…
– «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Қарасай клиникалық көпсалалы ауданаралық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстарын іске асыру үшін мемлекеттік қор арқылы қаржы бөлінді. Қажетті келісімшарттар мердігер ұйымдармен рәсімделіп, ағымдағы жылдың 15 қарашасынан бастап құрылыс-жөндеу жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылдың 30 желтоқсанында аяқталуы жоспарлануда.
– Ал жалпы құрылыс барысы қалай жүзеге асырылады? Аурухана аумағында бір емес, бірнеше ғимарат бар. Олардың жөнделуінің мерзімдері қалай жоспарлануда?
– Ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ұйымның бірқатар құрылымдық бөлімшелері қауіпсіз және үздіксіз медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында уақытша басқа ғимараттарға көшіріледі. Атап айтқанда, көрші тұрған Қаскелең ақылы медициналық орталығының ғимаратының бір бөлігі жалға алынды.
Әр кезең ұйымның жұмысын тоқтатпай, пациенттерге үзіліссіз көмек көрсетуге бағытталған. Нақты айтар болсақ, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде уақытша көшу жұмыстары үш кезеңге бөлінді.
Біріншісінде Әйелдер және балалар консультациясы, күндізгі стационар және оңалту бөлімшесі уақытша жоғарыда атап өткен Қаскелең ақылы медициналық орталығының жеке клиника ғимаратына орналастырылды. Бұл көшіру консультациялық-амбулаториялық қызметтердің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Одан кейін кір жуу кешені, ас блогы, гараждар және көкөніс қоймасы Шамалған алғашқы медициналық-санитариялық орталығының (Үшқоңыр ауылдық аурухана) ғимаратына уақытша орналастырылып, инженерлік-техникалық қызметтердің қауіпсіз жұмыс істеуі үшін жағдай жасалынды.
Ал әкімшілік бөлімі әзірге перзентхана ғимаратында орналастырылды. Мұндағы басқару жұмыстары орталықтандырылған түрде жалғасын табуда.
Жөндеу аяқталғаннан кейін барлық бөлімшелер өздерінің тұрақты бұрынғы орындарына қайта орналастырылады.
Күрделі жөндеудің екінші кезеңінде стационар корпусы жоспарда тұр. Тәуліктік стационарлық көмек алушы науқастарға қызмет көрсетудің үздіксіздігін қамтамасыз ету және жөндеу жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуі үшін стационар бөлімі уақытша Үшқоңыр ауылдық ауруханасына көшіру ұйымдастырылуда. Ең басты негізгі мақсатымыз – стационардың жұмысын тоқтатпай жалғастыру, науқастарды қабылдау, емдеу және күтім көрсету сапасын сақтау, жөндеу жұмыстарына кедергі келтірмей, клиникалық қызметті қауіпсіз аймаққа көшіру.
– Бауыржан Нұрланұлы, осы ретте тағы бір маңызды сұрағым бар еді. Емделушілер көп келетін негізгі ғимаратта жөндеу жұмыстары басталғанда тұрғындар қайда барады?
– Иә, өте орынды сұрақ. Жоғарыда атап өткен күрделі жөндеу кезеңіндегі көшу жұмыстарының соңғы, яғни үшінші кезеңі осы емхана бөлімін көшіруге жоспарланған. Оны ұйымдастыруға байланысты қажетті инфрақұрылымдық және техникалық қолдау көрсету мәселелері бойынша Қарасай аудандық әкімдігі тарапынан тиісті көмек күтілуде. Бұл қолдау көшіру процесін уақтылы, қауіпсіз және тиімді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта емхана бөлімі өзінің негізгі корпусында қызмет көрсетуде. Уақытша ғимаратпен келіссөз болғаннан кейін емхана дәрігерлері жалға алынған ғимаратқа көшетін болады. Бұл ретте қазіргі таңда көрсетіліп жатқан қызметтер одан әрі тоқтаусыз көрсетуін жалғастырады.
– Соңғы сауалым, күрделі жөндеуден кейін ауруханада атап айтарлық қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?
– Аудандық орталық аурухананы күрделі жөндеуден кейін мекемеде бірқатар өзгерістер болады деп күтілуде. Атап айтқанда, жедел хирургияда, гинекологияда және травматологияда аз инвазивті технологияларды енгізу жоспарда бар, аритмологияны және артроскопияны енгізуді айтсақ болады. Ал урологияда лазерлік литотрипсия қосылады. Сонымен қатар эндоскопиялық қызметті дамыту, ұйқы артерияларына эндартерэктомия жасау, шеткері тамырларға эндоваскулярлық операцияларды, инсультті емдеуде аз инвазивті технологияларды енгізулер бар. Госпитальдық фармация, эстетикалық хирургия бөлімшелерін, гематологиялық профильді ашу жоспарланып отыр. Одан бөлек миішілік артерияларға тері арқылы стент имплантациялау (ВТМУ) жағын да ойластырып отырмыз.
Келешекте шетелдік мамандарды тарта отырып, аудандық аурухана базасында мастер-кластар өткізу жоспарлануда. Сол бағытта нақты енгізілетін технологиялар тізімі бекітілді. Олар – асқазанды бариатриялық операциялар, амниотикалық инфузия, миішілік артерияларға тері арқылы стент имплантациялау (ВТМУ), икемді уретероскопия және бүйрек тастарында лазерлік литотрипсия, аяқ-қол сүйектерін остеосинтезден кейінгі асқынулар, артроскопия, коморбидті жағдайлары бар созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (ХСН), қазіргі стандарттарға сәйкес простатаға лазерлік энуклеация, стриктура кезінде зәр шығару жолдарын реконструктивті операциялар.
Сондай-ақ емханада «Үздік тәжірибелер орталығы» ашылатын болады.
Алдағы уақытта аудандық ауруханада осындай өзгерістер орын алады деп күтілуде. Егер барлығы жоспарға сай іске асып жатса, медициналық қызметтің сапасы арта түседі.
– Істеріңізге сәттілік, Бауыржан Нұрланұлы! Ақпаратыңызға рақмет!
Тілдескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
