Бүгінде Қазақстан мемлекетіндегі тыныш та бейбіт өмір әлемнің өзге елдерінде сирек кездеседі. Біздің республикамыз әр уақытта түрлі жанжалдардан аулақ болып, ішіндегі тұрақтылықты сақтауға қажет барлық тетіктерді пайдаланып келген. Дегенмен де ел іргесі берік болуы үшін аумақтық қорғаныс әскерлері кез келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын болуы қажет. Осы ретте жылда мемлекетіміздің аумағында әскери азаматтарға арналған түрлі дайындықтар, оқу-жаттығулар ұйымдастырылып отырылады.
Осындай шара бүгінде Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында да өтіп жатыр. Оған облыстың барлық аймақтарынан әскерде борышын атқарып келген міндеттілер шақырылды.
Аптаның сейсенбісі күні аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимаратының алаңында салтанатты шара ұйымдастырылып, аталған оқулықтарға жіберілетін қарасайлық сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға құрметті қонақтар ретінде ҚР қарулы күштері ардагері, запастағы подполковник Амангелді Шормаков, ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Малик Калиев қатысты.
Мемлекеттік Гимнмен басталған салтанатты шарада алғы сөз аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Ерлан Абдықалықовқа беріліп, ол сарбаздарға сәттілік тіледі.
– Халқымызда «Отан мен отбасы егіз ұғым» деген даналық сөз бар. Отанды қорғау міндеті елдің ержүрек азаматтарына жүктелетіні белгілі. Тек елжанды, патриот азаматтар ғана елге қалтқысыз қызмет етеді. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың ашық болуы мына сіздерге байланысты. Осыны ұмытпай, әскерде үйренгендеріңізді жылда жетілдіріп отыруларыңыз қажет.
Сіздер бара жатқан оқу-жаттығу шаралары да соған бағытталған. Оқытулардан ойдағыдай өтіп, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралатындарыңызға сенімім мол, – деді Ерлан Төлеуғалиұлы.
Бөлім басшысынан кейін ҚР қарулы күштері ардагері, запастағы подполковник Амангелді Шормаков және ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Малик Калиев те міндетті әскери қызметті өтеуге аттанып бара жатқан қарасайлықтарға сәттілік тілеп, егемен елдің тыныштығы жолында оқу-жаттығуларға аттанған сарбаздар жастар үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.
Мұнан соң, жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлау үшін ауданымыздың өнерпаздары патриоттық әндер айтып, өз өнерлерін ортаға салды.
Шараның салтанатты бөлімі аяқталғаннан кейін 70 қарасайлық әскери міндеттілер автобустарға отырып, Қонаев қаласына жол тартты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Қарасайлық сарбаздарды әскери жиынға шығарып салу рәсімі өтті
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Общество » Қарасайлық сарбаздарды әскери жиынға шығарып салу рәсімі өтті