Бүгінде еліміздің саясатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру аса маңызды стратегиялық басымдықтың бірі әрі бірегейі болып тұр. Сондықтан қазіргі кезде сыбайлас жемқорлықпен күресте бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қоюды қарастырып, күшейту керек. Сонымен қатар, қоғамда білім мен тәрбиенің барлық деңгейінде жемқорлыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бұл әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақтарға қатысты. Осы бағытта өткен аптада Алматы облысы бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысының орынбасары Айдос Мамыт SDU университетінің студенттерімен кездесіп, «Адалдық сағаты» жобасының аясында дәріс өткізді.
Аудан әкімі Жасұлан Естенов жүргізген басқосу барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зияны, сыбайластықпен күресу жолындағы атқарылып жатқан жұмыстар, қоғамдағы оған қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың маңыздылығы сөз етілді.
Жиында алғы сөз сөйлеген Сулеймен Демирель атындағы университетінің проректоры Нұркен Әкімов, алдымен келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, жастар арасында осындай тақырыптарды көтеріп, оның жағымсыз жақтарын түсіндіріп отыру керектігін жеткізді.
Одан кейін сөз кезегін Айдос Жанұзақұлы алып, бүгінде Алматы облысы бойынша жемқорлыққа қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын туралы толығырақ мәлімет беріп өтті. Сондай-ақ жастарды адалдық пен адалдыққа тәрбиелеу бүгінде білім берудің, әрбір азаматтың, өскелең ұрпақтың тұлғасында құрметті қоғамды қалыптастырудың басым міндеттерінің бір екендігін, аталған кездесудің мақсаты жиналған студеттердің сана сезімінде адалдық, әдептілік, патриоттық сияқты құндылықтарды қалыптастыру болып табылатынын айтып өтті. Олардың бойында жемқорлыққа қарсы дағды моделін қалыптастыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, заңдық тұрғыда құқықтық сауаттандыруды арттырудың маңыздылығы жайында әңгімеледі. Қоғамдағы жүргізіліп жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталып, студеттерді сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, оған жол бермеуге, барынша алдын алуға шақырды.
Департамент басшысының орынбасарынан кейін Жасұлан Тоққожаұлы ауданда атқарылған жұмыстар жайында баяндама оқыды. Оның айтуынша, Қарасай ауданы Алматы облысының арқа сүйеуші нысанына айналған. Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының саны 346 мың адамға жетті, бұл шамамен облыс халқының 22%-ын құрайды. Ал, ауданның облыстағы үлесі өнеркәсіп бойынша 33,6 %, құрылыс бойынша 22,1 %, бөлшек сауда бойынша 33,3 %, инвестиция бойынша 21,9 %, ауыл шаруашылығы бойынша 11,6 % және тұрғын үйлерді іске қосу бойынша 26,1% жетті. Бұл өз кезегінде Қарасай ауданының экономикалық көрсеткіштер жағынан облыстағы жетекші орынға шығып, жыл өткен сайын халықтың тұрмыс-ахуалы арта түсуіне жол ашып отыр.
Сондай-ақ ауданда «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 13 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 10 мектеп салу қарастырылған. Қазір алты мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Таяуда оның екеуі аудандағы Қошмамбет, Елтай ауылдарында қолданысқа беріліп те үлгерген. Ал осы айдың аяғына дейін Долан, жыл соңына дейін Кемертоған, Көкөзек, Алмалыбақ, Бұлақты ауылдары мен Қаскелең қаласындағы білім мекемелерінің құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда.
Мұнан бөлек биылғы жылға жалпы аудан бойынша жолдарды жөндеу жұмыстарына 2 млрд 454 млн теңге қаражат бөлінген, 28 елді мекеннің 54 көшелері, яғни, 60 шақырымнан астамы жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Бүгінгі күнге жөндеу жұмыстарының 60 % аяқталды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолға жататын «ҚазАвтоЖол» АҚ теңгеріміндегі «Алматы-Жандосов-Ұзынағаш» (жоғарғы Қаскелең тас жолы) автомобиль жолындағы Алматы қаласы мен ҮААЖ (БАКАД) аралығын, Алматы – Бішкек автомобиль жолының 24 шақырым аумағын кеңейту жұмыстары басталған.
Бұған қоса аудан аумағындағы елді мекендерді үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Қаскелең топтық су құбыры» жобасы аясында 1 қала мен 23 ауылды сумен қамтамасыз ету, Райымбек және Елтай ауылдық округтеріндегі ауызсу жағдайын жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқырылуда.
Қарасай ауданы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша облыстағы жетекші орынға шығып, бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін 155,1 млрд. теңге инвестиция тартып, нақты көлем индексін 101,0%-ға жеткізу жоспарлануда.
Осы және өзге де аудан жетістіктері жайында айтып өткен аудан басшысы сөз соңында мұнын бәрі алдағы уақытта ауданды дамытып, экономиканы көтеріп, жастарға көп мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашатының жеткізді.
Парасаттылық құндылығы кең көлемде дәріптелген келелі жиын соңында студенттер өз ойларын ортаға салып, қойылған сауалдарына тиісті жауаптарын алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Антикор өкілі SDU студенттерімен кездесті
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Жемқорлыққа қарсы » Антикор өкілі SDU студенттерімен кездесті