Алматы облысында 2026 жылға көктемгі дала жұмыстарын үйлестіру үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Облыста биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 436,0 мың гектар алқапқа егіледі. Аталған деректі, облыстық ауыл шауашылығы басқарма басшысының орынбасары Еркінбек Дауткулов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Биылғы жылы дақылдардың 53 пайызы суармалы егіс алқабына себіледі. Сәйкесінше, жүгері алқабы 52,6 мың гектарға дейін ұлғайса, майлы дақылдар 24,4 мың гектар аумақты алмақ. Көкөніс пен бақша дақылдарының көлемі де айтарлықтай артқан. Бұл нарық сұранысына және өңірдің агроклиматтық мүмкіндіктеріне бейімделудің көрінісі.
Су ресурстарын үнемдеу мәселесі облыс агросаясатының негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Соңғы төрт жылда су үнемдеу технологияларын қолдану алаңы 3,3 есеге артып, бүгінде суармалы егістіктің 30 пайызын қамтыды. Бұл шаралардың нәтижесінде өткен жылы 70 млн текше метрге дейін су үнемделген екен.
« 2025 жылы аталған технологияларды енгізген 24 шаруашылыққа 2,7 млрд теңге субсидия төленсе, 2026 жылға бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге қарастырылған. Биыл су үнемдеу технологиялары 90,6 мың гектар алқапта қолданылса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 138,7 мың гектарға жеткізу жоспарда бар»,-деді спикер.
Егіс науқанына дайындық шеңберінде материалдық-техникалық базаны жақсарту мәселесіне де ерекше назар аударылуда. 2026 жылдың өніміне арналған 63 мың тонна тұқым толық құйылған. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 78,4 мың тонна болып жоспарланып, өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артты. Бұл топырақ құнарлылығын сақтау және өнімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жанар-жағармаймен қамту да жоспарлы түрде жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарына 351 шаруашылықтан 6,9 мың тонна дизель отынына өтінім қабылданып, оның 5,4 мың тоннасы көктемгі жұмыстарға бағытталады.
Алматы облысында 90,6 мың гектар егістікте су үнемдеу технологиялары енгізіледі
Главная » Жаңалықтар » Добрые вести » Алматы облысында 90,6 мың гектар егістікте су үнемдеу технологиялары енгізіледі
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
