Алмалыбақ ауылының ажарын ашып тұрған көрікті жерлердің бірі – Дінмұхамед Қонаев атындағы саябақ. Мұндағы жанға сая болып, жайқалып өскен теректердің өзі демалыс орнының тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Себебі тамыры тереңге кетіп, діңгегі қатайған ағаштардың бой көтеруі сонау 60 жылдардан басталған.
2 га аумақты алып жатқан саябақты талай жыл жергілікті халық өз күштерімен шама-шарқы жеткенше күтіп ұстаған. Ал биыл маусым айында Қарасай аудандық әкімдігінің қолдауымен тиісті қаражат бөлініп, мұнда күрделі жөндеу басталған. Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Ибатжанның айтуынша, қазіргі уақытта бұл жұмыстар соңына жетіп қалған.
– Саябақтың тұрғындар үшін орны ерекше. Өйткені жергілікті халықтың осында балалық шағы өтіп, естен кетпес естеліктері сақталған. Бұл жердің күрделі жөндеуге дейінгі жағдайы ауыл адамдарының көмегімен қалыпты күйде сақталып, күтіп-бапталып келді. Одан кейін осы тұрғындардың өтініші негізінде биыл күрделі жөндеу басталды. Оған, әрине, Қарасай аудандық әкімдігі қаражат бөлу жағынан қолдау білдіріп, соның арқасында абаттандыру жүзеге асты. Қазір аталған жұмыстар аяқталып қалды, – деді Ислам Бауыржанұлы.
Округ әкімінің сөзіне сүйенсек, күрделі жөндеу кезінде саябақтың ішінде апаттық жағдайда тұрған ағаштар кесіліп, қураған шөптері жиналған. Сонымен қатар абаттандыру барысында демалыс аумағының ішінде жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақ жасалып, жарықшамдары орнатылды.
Саябақты жаңғырту жақын уақытта аяқталмақ. Алдағы уақытта айналасындағы сынған қоршаулар жөнделіп, сахнаның жан-жағы қапталады. Одан кейін тұрғындардың ұсынысымен басқа да жұмыстар істеле бермек. Мұнда келешекте сенбілік те жиі ұйымдастырылу жоспарлануда. Оған ауыл белсенділері мен жастар үнемі қолдау білдіруге дайын.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

