Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде спорт күні аталып өтеді. Аталған мереке қазақстандық спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған.
«Спорт – денсаулық кепілі» деген ұранды ұстана отырып, айтулы күнге орай облыс орталығы Қонаев қаласында тамыз айының 13-і мен 15-і күндері аралығында спорт мектептері қызметкерлеріне бағытталған ауқымды жарыс ұйымдастырылды. 2020-2025 жылдарға арналған дене шынықтыру және спортты дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткен шараға өңіріміздің спорт мекемелерінен 35 командадан, 500-ден жуық қатысушы қатысты. Оның ішінде біздің Қарасай ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің майталмандары да болды.
35 команда үш күн бойы өзара шағын футбол, үстел теннисі, волейбол және арқан тартыс спорт түрлері бойынша бақтарын сынап, жүлделі орындарды сарапқа салады. Әр топ тек күш пен жылдамдықты ғана емес, ұйымшылдықты, тәртіп пен тактикалық шеберліктерін көрсетуге тырысты. Соның арқасында қатысушылар тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлермен бір-біріне көтеріңкі көңіл-күй мен естен кетпестей әсер сыйлады.
Саламатты өмір салтын насихаттау және спорт мекемелері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жарыс нәтижесінде жақсы ойын көрсеткен біздің қарасайлық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары жалпы командалық есепте жетістікке жетіп, жеңімпаз атанды. Ал Кеген ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасына екінші орын бұйырса, Балқаш ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің құрамасы үшінші орынға табан тіреді.
Жастарды тәрбиелеудің жарқын үлгісі болған жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сертификат, дәрежелі диплом, сондай-ақ кубок медельдармен марапатталды.
Облыстық додада жеңіске жетіп, аудан абыройын тағы бір мәрте асқақтатқан Қарасай ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларын жетістіктерімен құттықтаймыз және жаңа белестерді бағындыруларына тілектеспіз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

