Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, әлі күнге дейін шешімі табылмаған бірқатар мәселеге құлақ асты. Халық та өз тарапынан наразылығын білдіріп, төрт ауылдың бүгінгі жағдайын түсіндірді.
Әлеуметтік нысандардың жолы жөнделіп, жарығы орнатылады
Жамбылдықтар ішкі көше жөнделмесе де, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың айналасы жақсарса деген тілегін білдірді. Анығын айтқанда, Батан ауылының тұрғыны Ердәулет есімді азамат ең алдымен Жамбыл ауылдық округінде орналасқан әлеуметтік нысандардың айналасы реттелсе деген көпшіліктің ортақ өтінішін жеткізді. Оның айтуынша, мектептің маңайындағы жолдар жөнделіп, оқушылардың кешкі уақытта сабақтан қайтқанда көше шамдары жарық болғаны маңызды.
Аудан басшысы Жандарбек Далабаев бұл мәселе тек Батанға ғана емес, барлық ауылдарға қатысты екенін түсіндірді. Сондықтан ол округ әкімі Тұрарбек Ташовқа «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша алдымен мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды.
Округ әкімінің айтуынша, жоғарыда аталған нысандарға жақын орналасқан Жамбыл ауылындағы Наурыз, Сейфуллин көшелерін жөндеу биыл жоспарда бар. Одан бөлек, округте орналасқан мектептердің айналасында қоғамдық көліктерге арналған аялдамалар орнатылады.
Қошмамбетке мектеп салынуы мүмкін бе?
Бүгінде Қошмамбеттен 700-дей бала жан-жақтағы мектеп барып оқиды. Олардың ауыл арасында қатынауы оңай емес. Осындай жағдайларды ескерген ауыл тұрғындары келешекте мектептің салынуын талап етті.
Ауылдастардың сөзіне сүйенсек, жаңа білім ошағының іргетасын қалау үшін оның жері белгіленген. Алайда құрылысы басталмаған көрінеді. Бүгін жергілікті халық соның себебін білу үшін аудан әкімі Жандарбек Далабаевтан нақты мектептің қашан салынатынын сұрады. Аудан басшысы бұл облыстық құрылыс басқармасының құзырында екенін айтты. Ал аудан әкімінің орынбасары Айдан Әуесбай нақтыланған 2,5 га жер телімі мектеп салуға жеткіліксіз екендігін айтып, бүгінгі таңда оның 3 гектарға ұлғайғанын айтты. Яғни, қалған бөлігін ауыл азаматы сыйға тартқан. Қазіргі уақытта 600 оқушыға арналған жаңа білім ұясының жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау үшін қаражат қарастырылуда. Қажетті бюджет бөлінсе, мектептің жобасына қатысты жұмыс биыл басталуы мүмкін. Бірақ жаңа ғимараттың толық аяқталуы әлі белгісіз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.