Бір апта бұрын Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев Бірінші Май ауылдық округінің халқымен кездесіп, аудан бойынша атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Ескі Мәдениет үйі жөнделеді ме, әлде мектепке айналады ма?
Жиын барысында аталмыш ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Бақытжан Әлменбетов бірнеше мәселені көтеріп, соның ішінде іргетасы 1986 жылы қаланған Мәдениет үйіне де тоқталды.
Ақсақалдың өтінішіне құлақ түрсек, жеке меншікке өтіп кеткен ескі ғимарат сол күйінде халық игілігіне берілсе дейді. Өйткені округте әлі күнге дейін мерекелік басқосулар болатын өнер ордасы жоқ. Бұл мәселеге көңіл бөлген аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы ескі ғимаратқа тиіспей, жер телімін тауып, соған жаңа Мәдениет үйін салсақ деген ұсынысын жеткізді. Алайда округ халқы бұрынғы нысанның сапасы әлі жақсы екенін айтып, оны тек күрделі жөндеуден өткізсе жеткілікті болатынын түсіндірді. Бір қызығы, дәл осы есептік кездесуге аталмыш мәселеге арқау болып отырған ескі ғимаратты сатып алуға ниетті, аудан бойынша бес балабақшасы бар Гүлнәр Ешметова да қатысып, өз ойын білдірді. Шәкірттерінің болашағын ойлап бүгінде ол нысанды толық сатып алмаса да кепіл ретінде ақшасын төлеп қойған. Білім саласында тәжірибесі мол ұстаз Гүлнәр Жалауқызы дәл осы Мәдениет ордасын мектепке айналдырмақ ойы бар. Бірақ ғимараттың айналасындағы жер телімдері құрылысты толықтай жүргізуге кедергі екенін айтып, оны біржақты шешу үшін аудан әкімінен көмек сұрады. Өз кезегінде Жандарбек Ермекұлы осы мәселеге ерекше көңіл аударып, жаңа білім ордасын ашуға қолдау білдіретінін ашық түсіндірді. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, мектепті басқа жерге салу жолын қарастыруға да болады.
Екі ауылға дәрігерлік амбулатория салынады
Ауылдық округке қатысты бірқатар жағдайды түсіндірген ақсақалдар алқасының төрағасы Бақытжан Әлменбетов дәрігерлік амбулаторияның қажеттілігін де сөз етті. Қарияның сөзінше, Қайнар ауылындағы мешітке қарама-қарсы орналасқан ғылыми-зерттеу институтының қараусыз жатқан жері шағын аурухана салуға ыңғайлы. Ал меншік иесіне шаруашылыққа жарамды басқа жерді тауып берсе деген ұсынысын жеткізді. Алайда «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы» институтының директоры Жарас Өмірбаев оны министрлік арқылы шешкен дұрыс деген пікірін білдірді. Оның сөзін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы құптап, алдағы уақытта бірлесіп шешетінін мәлімдеді. Ал өтінішін жеткізген ақсақалдың уәжі назардан тыс қалмады. Ол жайында нақты ақпарат берілді. Анығын айтқанда, Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Руслан Көккөзов алдағы уақытта Бекболатта да, Қайнарда да 50 науқасқа арналған дәрігерлік амбулаториялар салынатынын айтты. Тіпті, екеуінің де жер телімдері анықталған. Бекболатта салынатын аурухананың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатса, Қайнардікін жасау үшін қаражат қарастырылуда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.