Алматы облысы әкімдігінің және Алматы облыстық спорт басқармасының қолдауымен жақында Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде «ALASH-PRIDE FC» жауынгерлік клубы аралас жекпе-жек спорт түрінен халықаралық турнир өткізді.
Байрақты бәсекеге біздің елден бөлек, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Дағыстан мен Шешенстаннан, сонымен қатар Ресейдің Махачкала қаласынан спортшылар қатысты. 20 жауынгер 10 жекпе-жек өткізіп, өзара кіл мықтыны анықтады.
Кештің басты жекпе-жегінде отандасымыз Рустам Құдайбергенов қырғызстандық спортшымен күш сынасты. Бірінші раундтың басында қазақстандық жауынгер қарсыласын нокаутқа жіберіп, өзінің мықтылығын дәлелдеді.
Кездесу барысында жанкүйерлер ерекше белсенділік танытып, спортшыларға барынша қолдау көрсетті. «ALASH-PRIDE FC» жауынгерлік клубының президенті, осы турнирді ұйымдастырушы Данияр Қасқарауов турнирдің ойдағыдай өткенін айтты. Жекпе-жектің көрермендері спортшыларын қолдап, жарыстың жоғары деңгейде өткізілгенін жеткізіп, жақсы бағаларын беруде.
Айта кетейік, мұндай халықаралық жарыс «Үшқоңыр» спорт мектебінде биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Санжар АМАНГЕЛДІҰЛЫ.