Қарасай ауданының прокуроры Жәнібек Жақаев Қаскелең қаласында орналасқан Сүлейман Демирел университетінің құқық факультетінде оқитын студенттермен кездесті.
Шара барысында аудан прокуроры мемлекет дамуындағы жастардың рөліне, еліміздегі жастар саясатының басым бағыттарына тоқталып өтті. Сонымен қатар студенттерді прокуратура органдарының қызметіне қабылдау тәртібінің талабымен таныстырып, прокурорлық қадағалаудың ерекшеліктері жайлы әңгімеледі. Қылмыс болғаннан кейін тергеу жұмыстары қалай жүргізілетінін, сол кезеңдерде неге басымдылық беру керектігін толықтай айтып берді. Одан бөлек ол өз тәжірибесінен қылмыстық істерді ашудағы қиындықтар және сол кездегі прокурордың атқаратын қызметі жайлы толықтай мәлімет берді.
Емен-жарқын әңгімеде аймақта жекелеген мәселелерді шешу бағытында облыстық прокуратура қолға алған жобалар жайы да айтылды. Басқосу барысында Жәнібек Оразбекұлы «Прокуратурада іс-тәжірибеден өтсе болады ма?» – деген және басқа да студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Одан кейін жиналғандарға елдің құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан соңғы реформалар жайлы баяндап, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға ағалық ақылын айтты.
Қарасай аууданының прокуроры студенттерге оқуда жетістік тілей отырып, заман ағымынан қалмай қызмет барысында қажет болатын теориялық білімдерін жетілдіруде күш-жігерлерін жұмсау қажеттігін атап өтті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.