Жақында аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Уақытым менің – байлығым!» атты тақырыбында жиын өтті.
Негізгі бұл шара аталмыш орталыққа жаңа қызмет, яғни, «психолог» маманының қосылғанын білдіру үшін ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Аудандағы Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова психолог Мадина Кішкенбаеваны жиналғандарға жақынырақ таныстырды. Жаңа маман иесі өз кезегінде алдағы уақытта аймақтың жас буын өкілдерімен тығыз жұмыс істейтін айтып, жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, шараға қатысып отырғандарға сурет салғызу арқылы, олардың ойқиялындағы мүмкіндіктерін тексеріп, психо-типтерін анықтау мақсатында шағын тренинг те өткізді.
Жиынға, сонымен қатар, аудандық Әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы да қатысып, тақырып аясында біраз әңгімені ортаға салды. Бұл басқосуға басым көпшілігі колледж студенттері жиналғандықтан, тәжірибесі мол әжеміз өз өмір дерегімен бөлісіп, жастарға қазіргі уақытты тиімді пайдалану керектігін айтты.
Шара барысында, жас буын өкілдері де өз ойларын білдіріп, пікір алмасып, бірқатар ақпараттан хабардар болды. Алдағы уақытта аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен осындай көңілге ой саларлық, маңызды іс-шаралар жалғасын табатын болады
Бұрым ОРЫНБАСАР.