6 шілдеде еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының күнімен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаетың туған күні де қатар тойланатыны белгілі. Осы ретте Шамалған ауылында орналасқан таңғажайып мұражай – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы жайлы айтпақпыз. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі туралы ғана емес, сонымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы және, әрине, біздің елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы туралы бай материалдар қамтылған.
Орталық төрт көрме залынан тұрады. Мәселен, біріншісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағына, мектеп жылдарына және еңбек қызметінің басталуына арналған. Екінші залдың экспонаттары тәуелсіз Қазақстанның дамуы туралы, үшіншісі оның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, ал төртіншісі біздің елдің сыртқы саясаты туралы баяндайды.
Жалпы, өткенге көз жүгірсек, тәуелсіздік жылдарындағы Тұңғыш Президентіміздің ең батыл қадамы – астананы Алматыдан Астанаға (Нұр-Сұлтан) көшіру туралы шешім шығаруы. Ол туралы ресми жарлық сонау 1997 жылы шыққан, ал жүзеге асыру 1998 жылы басталған. Тарих беттеріне үңілсек, біз бұл шешімнің қаншалықты дұрыс және стратегиялық маңызды болғанын түсінеміз, және осы есеп бойынша барлық қорқыныш мен уайым бекер болды. Нәтижесінде, сол кезде көптеген дау-дамай болған астананың ауысуы өзін ақтап, біздің мемлекетке, оның дамуына жаңа серпін берді.
«Атамекен» орталығындағы келушілердің назарына Ақмола деп аталған, содан кейін Целиноград (1911-1980) деп өзгертілген Нұр-Сұлтанның алғашқы көрінісі ұсынылған. Ол алғашқы кезде қалай деп аталып, уақыт өте келе Астана, содан кейін Нұр-Сұлтан болып өзгертілуі жайлы мәліметтер қамтылған.Тәуелсіздігіміздің жылдарында бой көтерген заманауи Нұр-Сұлтанды таныстыратын екінші стендте Ақ Орданы, Бейбітшілік және Келісім сарайын, сондай-ақ, біздің басты символымызға айналған әйгілі «Бәйтерек» монументін көруге болады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихының фрагменттері бір ғимаратқа осылай жинақталған. Иә, бұл біздің еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасының даму кезеңдері оның жеке басымен тығыз байланысты екенінің нақты дәлелі.
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығы 2017 жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Бастапқы кезеңде оның қорында 426 экспонат болған, ал қазіргі уақытта — 684. Қор үнемі толықтырылып отырады. Коронавирустық пандемияға дейін біздің орталықта әртүрлі іс-шаралар, көрмелер, кездесулер, форумдар үнемі өткізіліп тұратын оның ішінде жастардың, Президенттің сыныптастарының, этномәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың және басқалардың қатысуымен өте маңызды шаралар өткзілуде. Сонымен қатар, ашылған күнінен бастап еліміздің атаулы күндері мен маңызды тематикалық тақырыптарға байланысты 400-ден аса мәдени шаралар, танымдық сабақтар, көрмелер, дөңгелек үстелдер және экскурсиялар өткізілсе, жыл сайынғы «Отбасымен музейге» және «Музейдегі бір күнім» атты дәстүрлі сайыстар көрермендердің көзайымына айналған. Сонымен қатар, орталықта Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары мен медиа-жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі күні келушілер саны 50 мыңнан аса адамды құрайды. «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы аудан жұртшылығы мен қонақтары үшін құнды жәдігерлерден құралған, арихитектурасы ерекше, танымы мол, өткен тарих пен бүгінгі жаңашылдық үйлесім тапқан, рухани құндылықтарды дәріптейтін мәдени ордаға айналған.
Назгүл БИГЕЛДИЕВА,
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры.