Қарасай ауданында 11 тамыздан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағының XVIII маусымы өз жұмысын бастады. Жасақшылар алдымен «Amanat» партиясының Қарасай аудандық филиалында бас қосты. Жиын барысында ауданда атқарылатын тазалық жұмыстарына қатысты іс-жоспарды Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова түсіндіріп, еңбек сүйгіш жастарға сәттілік тіледі.
Жаңа маусымның ашылуына орай «Жасыл ел» жастары дәл осы күні алғашқы ауданды абаттандыру жұмыстарына қатысты. Оқушылардан, студенттерден және жұмыссыз жастардан құралған топтар алдымен қолдарына керекті құралдарын ұстап, Қаскелең тарихи-өлкетану мұражайының алаңындағы қаулап өскен арамшөптерді жұлып, айналасына тазарту жұмыстарын жүргізді.
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының мәліметінше, екі айға жалғасатын (тамыз, қыркүйек) жұмыстар арқылы ауданға қарасты барлық қала, ауылдық округтерінен келетін 70 жасты жұмыспен қамту жоспарда бар. Айта кетейік, аймақтағы табиғаттың көркі мен тазалығының сақталуына өзінің үлесін қосып жатқан «Жасыл ел» сапына 16 мен 29 жас аралығындағы кез келген азамат қосыла алады. Бір ай еңбек еткен жастарға жұмысына қарай лайықты қаражат төленеді. Яғни, жасақтың әр мүшесі айына 65 мың теңге көлемінде жалақы алады.
Өз тілшіміз.