Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша 2016 жылы ҚР Үкіметі шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) азаматтарға беруге тыйым салды.
***
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейту үшін 2019 жылы Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану бөлімінде жер кодексіне өзгерістер енгізілді. Осылайша, жүйелі бақылаудың, жер бетіндегі түсірілімдердің, зерттеулердің және түгендеудің нәтижелерімен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін мониторингтеу үшін ақпарат көзі ретінде енді ғарыштық мониторинг нәтижелері де пайдаланылатын болады.
***
Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыда мәжбүрлеу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында Салық кодексіне пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің салық ставкасын 10-нан 20 есеге дейін еселеп арттыруды көздейтін түзетулер енгізіліп, қабылданды.
***
Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленді, онда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту көзделген.
***
Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Оның мақсаты – жер учаскелерін беру рәсімдерін біріздендіру, өтінімдерді қарау мерзімдері мен барысын бақылау, қағазсыз қызмет көрсету және жер учаскесін бөлуді мемлекеттік органдармен және ұйымдармен және тағы басқалармен келісу.
***
Ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстар арқылы беру тәртібін толққанды регламенттеу әзірленді. Конкурстық комиссиялар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін олардың құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдері (Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 50%-ы) заңдық тұрғыда енгізілген.
***
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді және ұтымды пайдалану үшін жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігі нақтыланды және күшейтілді. Осы арқылы учаскелерді жалдаудың бірыңғай үлгілік шарты заңнамалық түрде белгіленді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мониторинг жүргізу тәртібі айқындалды. Жерді жалға алудың алғашқы 5 жылында мониторинг жыл сайын жүргізілуі керек. Ал келесі кезеңдерде суармалы егістікте әр 3 жыл сайын, cуармалы емес жерлерде – 5 жыл сайын мониторинг жасалуы тиіс.
***
Елді мекендердің маңындағы ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттік қажеттілік санатына жатқызылған. Бұл жергілікті халықтың жеке қосалқы шаруашылығының пайдасы үшін алып қоюға заңнамалық тұрғыда негіз болады.
Сондай-ақ, жергілікті халықтың қажеттілігін қанағаттандыру және жайылымдық жер беру мәселесін шешу үшін «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Оның аясында жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарды 2 жылда әзірлеп, бекіту қарастырылған.
Құжаттың мақсаты – халықтың мал жаю мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін ұйымдасқан шаруашылықтар пайдаланбаған жайылымдарды қайта бөлу.
Сондықтан, жайылымдарды беруге және пайдалануға байланысты іс-шараларды атқарғанда жариялылықты қамтамасыз ету үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысуы заң жүзінде қарастырылды.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті атқарушы органдардың жайылымдарды пайдалану жөніндегі жыл сайынғы есептерін тыңдайды және талқылайды. Жайылымдарды қайта бөлу туралы мәселені қарағанда жайылымдарды басқару жөніндегі Жоспарды іске асыруға қатысады, жайылым пайдаланушылармен, жайылым пайдаланушылар бірлестіктерімен жайылымдарды басқару және пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.