Таулары тамсандырарлық, орман-тоғайы ән салдырарлық Алғабас өңірінің мәдениеті мен өнері де келісті. Ауылдың орталығындағы салынғанына 30 жылдан асқан Мәдениет үйі 2019 жылы кұрделі жөндеуден өткізіліп, заманға лайық жайнап, жаңғырған өнер ордасына айналды. Мәдениет үйінің жанында «Асыл әжелер» әжелер ансамблі жұмыс істейді.
«Әнші балапан», «Бәйшешек» бишілер, домбыра үйірмелері, «Шежіре, өнер мен тәлім отауы» атты аталар мен әжелер үйірмесі бар. «Асыл әжелер» атты әжелер ансамблі құрылған. Облыста, ауданда өткізілген іргелі шараларға қатысып, көрерменнің көз айымы болып келеді. Облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Әжелер ансамблінің құрамы өнерлі, өнегелі жас аналармен толықтырылуда. Ансамбльдің көркемдік жетекшілері – Гүлнар Нүсіпбекова мен Нәтән Алдабекова. Аталған ансамбль ауылдағы ақсақалдар алқасы, аналар кеңесімен, ауылдық әкімдікпен, мектеппен ортақ байланыста жұмыстар жүргізеді. Мерекелерде, наурыз тойында, ораза, құрбан айт тұсында салт-дәстүрімізге, жөн-жоралғыларымызға қатысты игілікті іс-шараларын ұйымдастырып отырады. Әсіресе, жас ұрпаққа халық әндерін насихаттайды.
Ауылдық Мәдениет үйінің директоры Бақыткелді Әкімбеков – «Қазақ мәдениетінің қайраткері». 2018 жылы «Ең үздік мәдениет қызметкері» аталымы бойынша мерейлі болып, облыс әкімінің ақшалай сыйлығына, Құрмет грамотасына ие болды. Ауданның, ауылдың өнерін өркендетуге қосқан үлесі үшін облыстық мәдениет басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.
– Шүкір, бір Аллаға тәубе деймін. Ел-жұртымның ортасында, ән мен жырдың құшағында жүрміз. Лайықты сый-құрметке бөленіп жатырмын. Басты қуанышым, ауылдағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне айналғаны. Өнер шаңырағының алдағы уақытта да халыққа берері, ұсынары, көрсетері аз болмайды, – дейді Алғабас мәдениет үйінің директоры, Қазақ мәдениетінің қайраткері Бақыткелді Әкімбеков.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Алғабас ауылы.
Кеген ауданы.