Білімді ұрпақ – ел келешегі! Еліміздің ертеңі білімді жастардың қолында. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Кеген ауданында соңғы 5 жылдың аумағында оннан асса мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл үлкен жақсылық. Мемлекеттің ауыл мектептеріне деген қолдауы мен қамқорлығы.
Кеген ауданында өткен жылы Ж. Ермегияев атындағы және Қарабұлақ орта мектептері заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізілді. Жарқыра, жайнап, көркіне көрік қосылды. Барлық дүниелері жаңарып, ішіне жылылық енді. Онда еңбек ететін ұстаздар қауымының көңілдері өсті. Жұмысқа деген ынта-ықыластары одан сайын артты. Жайнаған жылы мектепте жүрген оқушылардың да қуаныштары, көңіл-күйлері бөлек.
Соңғы аталған білім ордасы көрікті Көлсайға баратын үлкен жолдың бойына қоныстанған Қарабұлақ ауылында орналасқан. Мектептегі сынып бөлмелері, спорт залы, кітапханасы, асханасы, мұғалімдер бөлмесі бәрі-бәрі көңілімізді қуантты. Жылыту жүйесі де жақсы жасалыпты. Алмас Нұғыманов басқаратын мектепте 27 ұстаз еңбек етсе, үзге тарта оқушылары бар екен. Мектеп ұжымы екі тоқсанды 66,7 білім сапасымен аяқтаған. Білім ордасында «Ақтілек» атты 20 балалық шағын орталық жұмыс істейді. Ондағы тәрбиеші Бақыт Сүмбебаеваның атына айтар жылы лебіз мол.
– Ауыл тұрғындарының көп жылдан айтып келе жатқан ұсыныс-тілектері орындалды. Күрделі жөндеу жұмысы да ойдағыдай жүргізілді. Мектеп ұжымының қуаныштары бөлек. Біз осы үшін облыстық білім басқармасына, ауданымыздың әкімі болған Талғат Байедиловке ауыл тұрғындарының атынан алғысымызды айтамыз, – дейді Қарабұлақ орта мектебінің директоры Алмас Нұғыманов.
Білім ордасының басшысы туған жеріне туын тіккен, елі мен жеріне адал қызметін жасап, мектебі үшін де көп еңбек сіңіріп жүрген азамат.
Осы мектептегі бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Илипбаева мен математика пәнінің мұғалімі Балжан Елубайқызы өткен жылы «Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты», «Теріс рационал сандарды қосу» тақырыптарында үздік ашық сабақтар өткізгені үшін аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар өз ісінде жақсы нәтижелерге ие болып жүрген аудандағы үздік психолог Люба Омарова «Көңілі көтеріңкі ұстаздардың еңбегі де жемісті» атты тақырыпта сергіту сәтін өткізіп, аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Мектеп мұғалімдерінің шығармашылық жұмыстары да жемісті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзира Жанарованың «Мәтіндік лингвистикалық талдау» тақырыбында 34 сағаттық авторлық кітабы жарық көрді. Оның сыртында республикалық ғылыми әдістемелік «Филолог ұстанымы» журналына «Дарындылықты дамыту» атты мақаласы жарияланып, үздік мақала жазғаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Валиеваның «Математикалық логика негіздері» тақырыбында авторлық бағдарламасы жарық көрді. Математика пәнінің мұғалімі Аружан Жұбаныш Алматы қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы бойынша арнайы курстан өтіп келді. Өткен жылы ұстаздар күніне орай өткізілген жүгіруден жарыста мектеп мұғалімдері Мұқан Абылай, Нұрғанат Молдабаев қатысып, 1 орынды иеленді. Мектептегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлназым Қасымбекова аудандық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасына ие болды. Меруерт Тоқтасын облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталып, үлкен қуанышқа ие болды.
Қарабұлақ орта мектебінің ұжымы білімді, зерек, дарынды оқушыларымен мақтанады. Балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, жас ұрпақтың бойында Отан сүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған 3-10 сынып аралығындағы республикалық балалар оқулары байқауына Аяулым Айдарқызы қатысып 2 орынға, Балауса Жақыпбай 3 орынға ие болып, олжалы оралды. Қаби Алихан, Динара Орманбек, Маржан Қатай жүлделі болды. Айбол Айдарұлы, Маржан Қатай, Аяулым Айдарқызы «Алтын сақа» атты математикалық олимпиадаға қатысып, аудандық олимпиадаға жолдама алды. Сонымен қатар мектепішілік оқушылар арасындағы «Дарын», «Зерде» ғылыми жоба жарысына 15 оқушы қатысып, 9 оқушы ауданға өтті. Кәусар Мақатқызы тарих пәні бойынша 1 орынды иеленді әрі облыстық «Зерде» ғылыми жобаға жұмысы жолданды. Жетекшісі Толқын Нүсіпова. Тұрар Тайшыманованың шәкірті Қарақат Сәрсенбай жаратылыстану пәні бойынша 2 орынды иеленді. Айдана Жиеналинаның шәкірті Абай Нұрғайып орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша 3 орыннан көрінді. Сол сияқты Индира Доғаеваның шәкірті Ақнұр Қатай жаратылыстану пәні бойынша 3 орынға ие болды. ҚР оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Кенгуру математика – барлығы үшін» атты интеллектуалды байқауына 1 сынып оқушысы Еламан Берікқали қатысып, сертификатқа ие болса, Қасым Айбар, Бақытжан Әлиахмет 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. «Кенгуру» республикалық олимпиадасына 2 сынып оқушысы Мұхамет Нұрасыл, 3 сынып оқушысы Жамбыл Мелісбек қатысып 1 орынға ие болды.
Бір сөзбен айтқанда, күрделі жөндеуден өткізіліп, заманға лайық жаңғырып, жайнаған Қарабұлақ орта мектебінде жақсылық мол. Алмас Нұғыманов бастаған ұстаздар ұжымы «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» алға қойған мақсаттарына жетеріне сенім мол.
Индира Қанатқызы.
Кеген ауданы.