Аптаның алғашқы күні аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев ауданымызға қарасты Іргелі ауылдық округіндегі Кемертоған ауылына барып, тұрғындарға аудан әкімінің екінші тоқсан бойынша есептік жиынын өткізді. Оның барысында ауданда осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар мен жаңалықтар таныстырылып, алда шешілуге тиісті мәселелер ортаға салынды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерінің бірі – ол көптеген көшелерде нақты атаудың жоқтығы. Кемертоғандықтардың айтуынша, көшелерде нақты атаулардың жоқтығынан жедел-жәрдем шақыру қиындап кеткен, себебі келген жәдел-жәрде көлігі мекенжайдан шатасып, басқа жаққа кетіп қалады. Осы ретте тұрғындар аудан әкімінің орынбасарына аталған мәселені назарға алып, көшелердің атауларын тездетіп өзгертулерін сұрады. Бұған аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков бүгінде аудан өз тарапынан көшелердің атауларын бекітіп қойғандығын, алайда әлі облыстан рұқсат берілмегендігін айтып, жақында өтетін облыстық мәслихаттың сессиясында осы мәселені тағы бір көтеретіндігін жеткізді.
Мұнан бөлек ауыл тұрғындары мектеп пен дәрігерлік амбулаторияның жетіспеушілігі туралы сауалдарын да қойды. Округтің аналар алқасы төрайымының айтуынша, ауылдағы 1200 балаға арналған мектепті биылдың өзінде 4065 оқушы тәмамдаған. Ал келер оқу жылында мектепте жан-жақтан 5000-ға жуық оқушы білім алайын деп отыр. Осыған байланысты жиынға қатысушылар ауылға тағы бір мектеп салып беруді сұрады. Бұл мәселе жөнінде Дулат Мұратұлы жауап беріп, алдағы бір-екі жылда шешілмейтіндігін бірден түсіндірді. Себебі биыл Іргелідегі Толстой мектебінің қасына 600 балаға араналған жапсаржайдың құрылысы аяқталып, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің маңында салуға жоспарланған мектептің құрылыс жұмыстары басталатындықтан, Кемертоғанға мектеп әлі салынбайды. Алайда, аудан әкімінің орынбасары округте жылдан-жылға өсіп келе жатқан балалардың санын ескеріп, алдағы уақытқа жасалатын жобаларға жаңа мектепті салуды да енгізілетіндігін айтты.
Ал дәрігерлік амбулатория бойынша Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Руслан Көккөзов облысқа 75 адамды қабылдай алатын амбулатория жөнінде өтінім беріп қойғандығын және бүгінде Іргелі округінің әкімімен бірге жер іздестіріп жатқандығын мәлімдеді. Егер де жер табылып, облыс өтінімді мақұлдайтын болса, онда емхананың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.