Ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында жаңа мектеп салынып, тұрғындарды мазалаған қоқыс мәселесін шешудің жаңа жолдары қарастырылатын болады. Бұл жайында аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Аймановтың Мемлекет басшысының әкімдердің тоқсан сайын ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізу туралы тапсырмасына орай таяуда С.Жандосов атындағы колледжде қала тұрғындарымен өткізген есептік жиынында мәлім болды.
Кездесу басында алдымен Қанат Сабырұлы әдеттегідей өңірдің өсіп-өркендеуі жайында қысқаша мағлұмат беріп, елді мекендердегі осы тоқсандықта атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Мұнан кейін залға жиналған қаскелеңдіктер өздерін мазалаған сауалдарын қойып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Мәселен, орталықтағы Сүлейман Демирель атындағы университетіне қарама-қарсы орналасқан жаңа құрылыстың тұрғындары көшелерінде асфальт жоқ екенін және жарық шамдары дұрыс жанбайтындығына шағымданды. Сондай-ақ жылдан-жылға бала санының артуына байланысты жаңа құрылыстың маңына мектептің қажеттілігі жайлы айтып, осы мәселені шешіп беруді өтінді. Тұрғындардың өтінішін тыңдаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Айманов алдағы уақытта ол жаққа жаңа мектеп тұрғызу жоспарда бар екенін мәлімдеді.
Жаңа нысанды салатын жер дайын болғандықтан жақын арада аудандық әкімдік өз тарапынан облысқа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға өтінім жіберетін болады. Қажетті құжаттар дайын болған кезде жаңа мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіле басталады.
Мұнан бөлек жиын барысында көптеген қаскелеңдіктердің тарапанынан көтерілген мәселе – үйдің алаңдарынан бөлек көшелерде де шашылып жататын қоқыстар. Тұрғындардың айтуынша, керексіз қалдықтарды жинайтын жауапты мердігер мекеме өзінің жұмысын дұрыс атқармайды. Бұған «Тазалық» ЖШС-нің басшысы Болат Туғамбаев жауап беріп, компания қызметкерлері қоқысты уақытында жинайтындығын, алайда ақша төлегісі келмейтін тұрғындар өз қоқыстарын орталық көшелердегі контейнерлерге апарып тастайтындығын айтты. Осыған байланысты орталықтағы жолдардың бойындағы қоқыстың барлығын жинау мүмкін емес.
ЖШС-нің басшысы бұл мәселені шешу үшін көшелерге бейнебақылау камераларын орнатып, қоқысты тастаған адамдарға айыппұл салу қажет екендігін жеткізді, осы істі іске асыру үшін бүгінде ол қала әкімдігімен бірлесе бірқатар амалдар қарастырып жатқандығын мәлімдеді.
Жиын соңында Қанат Айманов тұрғындардың көтерген мәселелері назарға алынып, жоспарға сай шешілетіндігін түсіндіріп, келесі тоқсанның соңында тағы бір жиын өткізілетіндігін хабардар етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.