Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Тәуелсіздіктің құрдастары» жобасы аясында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бөлім меңгерушісі Мархабат Мұратбекқызы Шамалған ауылдық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Мөлдір Жайылхановамен сұхбаттасқан еді. Сол әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
– Мөлдір Базарбайқызы, қош көрдік! Биыл, міне, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Сіз осы қасиетті күнмен құрдас екенсіз, бұл тамаша ғой. Дәрігер болуыңызға кім әсер етті?
– Біз үйде сегіз ағайындымыз, көпбалалы отбасынан шыққанмын. Әрқайсымыз әртүрлі мамандық иесіміз. Мамандықтың жаманы болмайды. Алайда, сан түрлі мамандық ішінен дәрігер атауын алып жүрудің өзі жауапкершілікті талап етеді. Мұны бала күнімде түсінбеппін. Негізі дәрігер болуыма әкемнің ықпалы тиді. Бір күні әкем қатты науқастанып, төсек тартып, ауырып қалды. Содан ауруханадан келген соң маған дәрігер мамандығын таңдауымды өтінді. Әкемнің сөзін жерге қалдырмай, өтінішін санама сіңіріп, оқуды аяқтағаннан кейін алдыма дәрігер боламын деген үлкен мақсат қойдым.
– Пандемия жағдайы кезінде сіздерде жұмыс ырғағында қандай өзгерістер болды?
–Пандемия жағдайы кезінде медицина саласы қызметкерлерінің жұмысы өте қауырт әрі аса маңызды. Әр маман өзіне сеніп тапсырылған жұмысына жауап береді. Дәрігерлер ауруды асқындырғаннан гөрі, оның алдын-алу әлқайда жеңіл екенін айтудан жалықпайды. Емханалар мен ауруханалар әдеттегі режимде жұмыс істеді. Өйткені сырқаттар коронавирусқа қатысты ғана емес, күрделі ем-дом алу үшін де келеді. Пандемия жағдайы кезінде науқастар саны екі есеге өсіп, ауруханаға келушілер саны көбейіп, үйге шақыртулар саны артты. Сонымен қатар, провизорлық станционарда қызмет жасап жатқан әріптестерім кезінде апталап, айлап үй көрмей, өзінің отбасымен қауыша алмай, майданда жүргендей қызмет етті. Дегенмен де, Гиппократ антын бергеннен кейін, дәрігер деген атымызға сай қызмет жасап келеміз.
– Дәрігер мамандығын таңдағаныңызға өкінген сәттеріңіз болды ма?
– Жұмыстың оңайы жоқ. Шын беріліп, тапсырған жұмысты жан-тәніңмен істесеңіз, қиындықты жеңесіз. Өкінген сәтім болған емес. Бұл мамандыққа мен дайындықпен келген болатынмын. Жоғарыда айтқанымдай әкемнің арманын орындау мен үшін бір бақыт болды.
– Шамалған ауылы тұрғындарының екпе салуға көзқарастары қандай?
– Тұрғындардың коронавирустық инфекцияға қарсы екпеге көзқарастары жақсарып келеді. Коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылғы 1 ақпан айында басталды. Ол кезге қарағанда қазір екпе салушылар саны артуда.
– Енді қазір өте өзекті болып тұрған тұмаудан, коронавирус індетінен сақтанудың жолдарын тағы бір айтып өтсеңіз?
– Сіздер келесі ережелерді сақтай отырып, өз денсаулықтарыңызды және жақындарыңызды қорғай аласыздар – үйіңізден шықпаңыз. Карантиндік жағдайдың талаптарын қатаң сақтаңыз. Аса қажет болған жағдайда сыртқа шықсаңыз (тамақ, дәрі-дәрмек алу үшін, медициналық көмек керек жағдайда), далаға шығар алдында медициналық маска, қолғап, жыл мезгіліне сәйкес жеңі ұзын жейде киіңіз. Қолыңызды сабынмен (кемінде 20 секунд) жиі жуыңыз немесе құрамында спирті бар антисептикпен жиі сүртіңіз. Мүмкіндігінше қолдарыңызды көзіңізге, мұрныңызға және аузыңызға тигізбеңіз. Тыныс алу гигиенасы ережелерін сақтаңыз! Жөтелгенде және түшкіргенде аузыңыз бен мұрныңызды майлықпен жабыңыз. Дереу майлықты қақпағы бар қоқыс контейнеріне лақтырыңыз да, қолыңызды спирті бар антисептикпен немесе сабынды сумен жуыңыз. Күніне екі рет құрамында хлоры бар немесе басқа дезинфекциялаушы құралдарды қолдана отырып, ылғалды тазалау жүргізіңіз, үй-жайды жиі желдетіп отырыңыз. Байланыс құралдарын пайдаланып, басқа адамдармен қашықтықтан сөйлесіңіз. Қонаққа бармаңыз және достарыңызды үйге шақырмаңыз. Азық-түлік пен тауар қажет болса, үйдің табалдырығына дейін жеткізу қызметтерін пайдаланыңыз. Саламатты өмір салтын ұстаныңыз, құнарлы тамақтаныңыз. Иммунитетті нығайтатын витаминдерді қабылдаңыз немесе олардың жоғары құрамы бар өнімдерді қолданыңыз.
– Әңгімеңізге рақмет. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің иігілігін бәріміз де көре берейік!