«Асыл армандағы» жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті көпірі салынғалы бері айналасындағы қоқыс мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Тұрғындар бұл жайлы айтып-айтып шаршады. Қоқыс тастайтын орын бір күн өтпей бірден толып қалады. Шашылған қалдықтар кейде желмен ұшып жан-жағын ластайтыны айтпаса да түсінікті.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін тас жолдың бойындағы дәл осы көпірге Райымбек және Іргелі ауылдық округ әкімдіктерінің біреуі жауапты болар деген оймен оларға хабарласып көрдік. Нақты түсінік берді. Екі мекеменің мәлімдеуінше, бұл көпір республикалық трассаның бойында орналасқандықтан, оның барлық жұмысына «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы жауапты. Десе де аталған екі әкімдік айналаны ластамау үшін аспалы көпірдің өздеріне тиісті аумағын, яғни, екі жағындағы қоқысты уақтылы тазалауға тырысады. Бірақ бұл олардың міндеттері емес екенін ескере кету керек.
Ал «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаровтың сөзіне сүйенсек, көпірдің екі жағындағы қоқыс жәшіктерін осы маңдағы құрылысты жүргізіп жатқан «СП «СИНЕ МИДАС СТРОЙ» ЖШС-гі тазалауы тиіс. Себебі «Алтын орда» базары маңынан басталған құрылыс жобасы толық аяқталмағандықтан, аталмыш компания қоқыс жинау жұмысымен әлі күнге дейін айналысады.
– Қоқыстың тез толатыны жасырын емес. Өйткені бұл жерден өтетін адам саны жетіп артылады. Мердігер компания бірден тазалай алмайды. Оны мойындау керек. Өйткені олар осы трассаның бойында жүріп жатқан құрылыстың жүруіне де, тазалыққа да жауапты. Бір-екі күн қоқыс үйіліп қалатыны рас. «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 25 мыңға жуық халық тұрады. Көбісі осы көпір арқылы өтіп, керексіз заттарын тастай береді. Сондықтан мұның шешімін табу қиын. Мердігер компания барынша уақытысында тазалауға күш салады, – деп туындаған мәселеге Нұржан Тоқтасынұлы осылай пікір білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.