Көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан орталығындағы «Қарлығаш» ықшам ауданында екі отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа бөленді. Нақты айтқанда, қос пәтердің кілті жай адамдарға емес, баспанаға мұқтаж жандарға табыс етілді. Оның бірін – аудандық мәслихаттың депутаты, «Таусамалы-қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Бауыржан Айнабеков өз атынан жомарттық танытып, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасына бір бөлмелі пәтерді сыйлады. Отбасының анасы Жанат Досалина бүгінде жолдасы Жеңіс екеуі үш баланы тәрбиелеп, бағып-қағуда. Жанұяның тұңғышы, жанарынан ақаулығы бар, батыр Темірлан жаңа қонысқа көшіп жатқанын айтып, қуанышын да жасыра алмады.
– Мен үшін бүгін бақытты күн. Өте қуаныштымын осындай сәтке жеткеніме. Отбасымның, өзімнің атынан Бауыржан ағаға үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Барлық тілекші жандарға да рахметімді айтам, – дейді бала Темірлан. Өз кезегінде жақсылық жасауды мақсат еткен Бауыржан Бақтыбайұлы жаңа пәтер иелерін құттықтап, осы үйде тек жақсылықтар болсын деген ізгі ілтипатын да білдірді.
Дәл осындай қуанышты жағдай осы күні көпбалалы, әрі үшем ұлдары бар Рыспековтер жанұясында да орын алды. Оларға баспананалы болу бақытын сыйлаған «Еламан» ЖШС құрылыс компаниясы еді. Жаңа қоныс иелеріне үш бөлмелі тұрғын үйдің кілтін аталмыш комапанияның басшысы Ерғали Миразов өзі табыстап, көпбалалы отбасына жүрекжарды тілегін былай жеткізді: «Сіздерге тек ырыс, бақ-береке тілеймін. Үйдің үлкендері, қос қызымыз бауырларына қамқор болып, үлгілі жанұялардың бірі болыңыздар. Үйлеріңізде әрдайым той болсын. Жақсы күндерде жүздесе берейік!».
Ал, бес баланың, оның ішінде үшемнің анасы атанған Раушан Рыспекова мереке қарсаңында мұндай бақытты сәтті күтпегенін айтады. Қуаныштан көзіне жас алған батыр ана Ерғали Төреұлына ерекше ризашылығын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.
Жомарт жандардың жақсылығының арқасында баспаналы болған екі отбасын жаңа қоныстарымен біз де құттықтап, шаңырақтарына шаттық, үйлеріне береке тілейміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.