Биыл егемендігімізді айқындайтын Тәуелсіздігімізге 31 жыл толып отыр. Осыған орай жастығын жалын шарпып, аяз тоңдырған қарасайлық желтоқсаншылардың егемендікті жақындатқан ерліктеріне құрмет көрсетілді. Нақтырақ айтқанда өткен аптаның жұмасы күні ауданымыздың орталық Мәдениет үйінде «Ұлттың ұлы тұмары – Тәуелсіздік» атты еске алу кеші өтті.
Кеш басталмастан бұрын аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова алдымен 1986 жылы болған оқиғаға куә болып, батырлық пен елжандылықтың шынайы үлгісін көрсете білген желтоқсаншыларды азаттық таңы үшін басын қатерге тіккен азаматтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ауданның және аудан әкімінің атынан сый-сияпаттар табыс етті. Сонау ызғарлы қыста егемендікке ұмтылып, толқыған қазақ жастарының тарихымыздан алар орны ерекше екенін тілге тиек етіп, ризашылығын білдірді.
Мұнан кейін желтоқсаншылар үлкен залға кіріп, аудан өнерпаздары арнайы дайындаған концерттік іс-шараға қатысты.
Кеш қазақ елінің тәуелсіздігін армандаған қазақ қаһармандары бейнеленген қойылыммен басталды. Мұңан соң елміздің Гимні орындалып, жиналған қауым тәуелсіздік жолында жанын қиған жас батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Рухты әндер айтып, би билеген қарасайлық өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарлама барысында ауданымыздың желтоқсаншылары кезегімен сөз сөйлеп, егемендіктің оңай келмегенін, сол жолда халқымыз ауыр кезеңдерді басынан кешіргенін және ол қиындықтарды ешқашан ұмытуға болмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, өздеріне облыс, аудан басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Желтоқсан оқиғасын еске алу мақсатында ұйымдастырылған кеш соңы «Елім меңін» әнімен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.