Халық арасында жалпы бағыты белгілі секілді болып көрінгенмен екінің бірі біле бермейтін, бұқаралық ақпарат құралдарында көп жариялана қоймайтын мамандықтар, қызметтер бар. Солардың бірі — Ұлттық Қауіпсіздік саласының өкілдері. Үкімет тарапынан жабық қызмет (режимдік), арнаулы қызмет атанғандықтан, бұл саланы басқа құқық қорғау орындарынан жүйелік ерекшеліктері мен мән-мазмұнын жұртшылық білуге тиісті емес те секілді. Сондықтан бұл саланың мамандарын азаматтық қызметтегілер мен жалпы бұқараның біле бермейтіні – шындық.
Осындай жауапкершілігі мен ауыртпалығы мол қызметті атқарып, зейнетке шыққан Исақ Іңкәрбаев – ауданымыздың төл перзенті, Жамбыл ауылының тумасы. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, Алматы қаласы мен Алматы облысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы, барлау комитетінің басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кеңесшісі болған, бірнеше медаль мен ордендердің иегері.
Биыл абыройлы ардагер 80 жасқа толған мерейтойына орай Жамбыл ауылдық ардагерлер ұйымы Жамбыл ауылындағы орта мектебінде Исақ Күреңбайұлымен кездесу кешін өткізді. Шараға қонақ ретінде мереке иесінің әйелі Света Тоғаева, қызы Эльмира, сыныптастары және ауданның ардақты ардагерлері, мектеп ұжымы, оқушылар қатысты. Алдымен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Өмербаев сөз алып, құттықтауын білдірді. Сонымен қатар, құттықтау хатын табыстап, қазақы салттың жөнімен иығына шапан жауып, әйеліне камзол кигізді. Одан кейін сахна төріне ҚР Білім беру ісінің үздігі Ақлима Көсемева шығып, Исак Күреңбайұлының өмір жолы мен атқарған қызметтері жайлы баяндама оқыды. Айтуынша, Исақ ата Тынық мұхитында теңіз флотында шақырылған әскери міндетін атқарған. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, еңбек жолын ұлттық қауіпсіздік ұйымдарында бастап, осы салада зейнетке дейін абыройлы қызмет атқарды.
Шара барысында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы, сыныптасы Алмаз Гусеинова, Сәбит Бұлтбаев, Ақылия Бекбайқызы, Рахметолла Хамзин, А. Толыньеков сынды ардагерлер сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Келесі кезекті қиын да, қызықты саланы атқарып жүрген Исақ атаға өз қызметі мен өмір жолында кездескен қиындықтары жайлы оқушылар сұрақтар қойды. Мереке иесі де тосыннан қойылған сауалдарға барынша толықты жауап беріп, оқушылардың алғысына бөленді. Әрі карай кездесу кеші өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. Жиынның соңында осы шараның өткізілуіне атсалысқан Құралай Сайбырова сөз сөйлеп, «Қыдыр дарыған ел» атты өлеңімен түйіндеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.