Жақында аудан әкімдігінің мәжілісі болып, оның жұмысын аудан әкімі Махаббат Бигелдиев жүргізіп отырды.
Алдымен аудандық мәслихаттың хатшысы, депутаттар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі, кәсіподақ ұйымының төрағасы, қала және округ әкімдері, аудандық құқық қорғау органдары, аудандық бөлімдер мен басқарма басшылары, мектеп директорлары қатысқан мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «2016 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2017 жылдың І тоқсанындағы міндеттер туралы» аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Жұмәділ хабарлама жасады. Хабарламада ауданда өткен жылда атқарылған жұмыстар және алда тұрған істер жайында жан-жақты айтылды.
Мұнан кейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаев, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Зарыққан Сатыбалдинова сөйлеп, өздерінің жұмыс салалары туралы баяндап берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өзіне жүктелген міндеттерді орындау жөнінде атқарған жұмыстары туралы» аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева хабарлама жасады. Бұл мәселе бойынша аталған бөлім басшысы Махмұдбек Жұмағұлов пен аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова сөз алып, ортақ іс жайындағы пікірлерін ортаға салды.
Мәжілісте қаралған екі мәселе жөнінде де аудан әкімі өз ескертпелерін айтып, жұмысты ширату, алға бастыру бағытында қатаң тапсырмалар қойды.
– Әрине, өткен жылды ауданымыз жақсы аяқтады, – деді әкімдік мәжілісінде Махаббат Садуақасұлы, – яғни, былтыр барлығында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Облыс бюджетінің отыз пайызын беріп отырмыз. Алайда, тоқмейілсімеуіміз керек, жұмысты одан әрі жақсарта, күшейте түсуге тиіспіз. Барлық сала да өз ісін ілгерілетудің жолдарын айқын анықтап, нақты жұмыстар атқаруы қажет. Мен ауданға келгелі округтерді түгел аралап шығып, жергілікті жағдаймен таныстым, халықпен жүздесіп, ондағы түйткілді мәселелерді, проблемаларды тікелей өзім жазып алдым. Күшімізді негізінен оларды орындауға бағыттауымыз керек. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша да алдымызда аса ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан да округ әкімдері, бөлім, басқарма басшылары, кәсіпорын, мекеме жетекшілері барлық істі үлкен жауапкершілікпен ұйымдастыруы тиіс. Денсаулық сақтау саласы, білім беру жүйесі, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бәрі-бәрі уақыт талабына сай болып, халық көңілінен шығуы керек. Әрқайсымыз да өзімізге жүктелген міндетті дұрыс атқарып, істің жақсы нәтижесіне қол жеткізуіміз қажет. Елдің жай-күйін, оларды не ойландырып, толғандыратынын жетік білуге тиіспіз, өз міндетімізді қашанда талапқа сай орындап отыруға тиіспіз. Қай жерде болсын жұмыста жаңашылдық, қандай істе де жанашырлық керек. Сонда ғана алға баса аламыз, ілгері жүреміз, игі нәтижелерге қол жеткіземіз.
Әкімдік мәжілісінде күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.