Баршамызға белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үстіміздегі жылғы қыркүйек айында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі» атты халыққа арналған алғашқы Жолдауын жариялады.
Осы орайда алдымен атап айтарымыз, аталған Жолдауда бүкіл қоғам өміріне айрықша серпіліс беріліп, ерекше қозғау салынғанын, ел мүддесіне сай болашақта атқарылатын ауқымды да үлкен мақсаттар қойылғанын, сонымен қатар, жедел жүзеге асуы тиіс халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге байланысты өзекті міндеттер белгіленгенін де жақсы білеміз.
Егемен еліміздегі барлық саланың жұмысын алға бастыруды көздеген Мемлекет басшысы осы шын мәніндегі бағдарламалық сипаттағы қазақстандықтарға арналған Жолдауының «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталатын екінші бөлігінде де көкейде жүрген көп мәнді мәселені кеңінен қамтылған.
Атап айтқанда, «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы» дей келе, алғашқы кезекте сот шешімдерінің сапасын арттырудың барлығы үшін өте маңызды екенін алға тартады.
Иә, қашанда, қандай жағдайда болсын сот шешімі сапалы әрі әділ болуы тиіс. Өйткені, мұндай жерде негізінен адам және оның құқықтары тағдыры тұрады ғой. Сондықтан судъялар қателеспеуі керек. Яғни, ол әлдебір іс бойынша шешім шығарғанда ең алдымен, әрине, заңды басшылыққа алуы қажет, сонымен қатар, ішкі сеніміне де жүгінгені жөн.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық.
Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деп атап көрсетіп, сот жүйесінің алдына аса ауқымды міндеттер қойды.
Ендеше, Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауда, қауіпсіздігін күшейтуде біз алдағы кездерде өз жұмысымызды бұрынғыдан да күшейтіп, оның сапасын әлдеқайда арттыру бағытындағы істерімізді жауапкершілікпен ілгері бастыра береміз.
Берікжан БАЙЖҮНІСОВ,
Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік
сотының судьясы.