“Құста екі қанат болса, онда үш қанат бар – өзі ақын, өзі сазгер, өзі драматург”.
Қадыр Мырза- Әлі
Жуырда аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте қазақтың үлкен ақыны, әрі сазгер, драматург, «Платиналы Тарлан» сыйлығының, сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтардың иегері Исраил Сапарбаймен кездесу болды.
Алдымен айтарымыз, бұл бас қосу мазмұндылығымен, қызықтылығымен жиналғандарды айрықша риза етті.
Иә, түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің лауреаты, «Парасат» орденімен марапатталған ақын оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап беріп, адамдық, адалдық, имандылық туралы, шығармашылық жолы жайында әсерлі әңгімеледі.
* * *
Ұлттық әдебиетімізде Исраил Сапарбайдың өзіндік орны, өзіндік жолы, өзіндік биігі бар. Ол қазіргі қазақ өлеңінің абыройын асырып жүрген, жүректен қозғайтын жүйрік ақынның бірі. Жаныңды теңіздей тербететін, ой- қиялыңды алыс қиырларға алып кететін отты жырлары оқырманын ойландырып та, толғандырып та тастайды. Жүрегіңді нұрландырып, сезіміңнің нәзік қылын шертетін лирикасынан алар әсерің әрдайым әдемі.
Осындай ақынмен кездесуге мектеп өте жақсы әзірленген екен. Бұл айтқанымыз акт залының әсем безендірілуінен де, оқушылардың өнерінен де, олардың қойған ойлы сұрақтарынан да анық аңғарылып тұрды.
Жүргізуші оқушылардың кіріспе сөзінен кейін «Ақын әлемінің әсем үні» деп аталған кездесу шымылдығы Диана Қанатбекованың орындауындағы «Жұлдызым» (сөзі И. Сапарбайдыкі) әнімен ашылды.
Ал, үлкен экраннан өнегелі өмірі, шынайы шығармашылығы туралы мағлұматтар беріліп, түрлі суреттері көрсетіліп тұрды.
Сонымен оқушылар бірінен соң бірі ортаға шығып, Исраил ағаларының өрнекті өлеңдерін шабыттана оқыды, ел көңілінен ерекше орын алған тамаша әндерін шалқыта шырқады. Сонымен қатар, шығармашылығынан мағынасы үлкен сахналық көрініс қойды.
Келесі кезекте сахна төріне ақынның өзі шығып, әңгімесін: «Өз басым талай мектепке кездесуге барып жүрмін ғой, бірақ, бүгін сәтбаевтықтарға ерекше риза болып отырмын. Рахмет, айналайындар, өте жақсы өнер көрсеттіңдер. Осы жерде өзімнің ақындық әлеміме ентелей еніп кеткендей болдым. Мен тағы бір мәрте шын мәнінде бақытты екенмін деген ойға келдім. Ал, бұл ойға жетелеген, әрине, сендердің өнерлерің, өлеңдерің, әндерің!» деп бастады.
Мұнан кейін ақынға оқушылар тарапынан көптеген сұрақ қойылды. Олардың бәріне де жауап бере отырып, Исекең жалпы қазақ әдебиеті, мәдениеті, руханияты жайында асықпай айтты, өлең өлкесінің өр биігі жөнінде әсерлі әңгімеледі, әлі күнге дейін ешкім де терең сырына, тұңғиық әлеміне бойлай алмай отырған Абай поэзиясының құдіреті мен қасиеті туралы толғана сөйледі.
Кездесу соңында аудандық білім бөлімінің бас маманы – Құндыз Шорақызы ақынға ақ тілегін ақтарыла айтса, мектеп директоры Қорлан Тұрсынова сыйлы қонағын қатты қадірлейтін халқымыздың дәстүрімен иығына шапан жауып, ізгі ниетін білдірді. Ал, өз кезегінде Исекең өлең кітаптарын сыйлады.
* * *
Жалпы, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз тойының алдында ғана өтіп, осы мерейлі мерекедей көңілге нұр құйған бұл кездесу керемет болды дей аламыз. Сондай-ақ, ол «Ақынның ең үлкен бақыты – өз әлемін жасап алуы» деп Исраил ағамыздың өзі айтқандай, шынымен де, өз әлемін жасап алған ақынды құлай құрметтеуге, ардақтауға арналған бұл бас қосу мектеп әкімшілігінің жақсы қолдауымен, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің (жетекшісі Бақытгүл Сағадиева) ұйымдастыруымен жүзеге асқанын да атап өткеніміз жөн.
Жан азығы мол, рухани жағынан биік, таза, жан- жақты үйлесімді дамыған оқушылардан ертеңгі күні үлкен азамат шығатынына бәріміз де сенеміз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.