Шынықсаң, шымыр боласың. Әсіресе, ел қорғаны болған Қазақстан полицейлері саламатты өмір салтын ұстануда белсенді болуы керек. Осыны ұран еткен қарасайлық тәртіп сақшылары өткен аптаның сенбісі күні ауданымыздың Полиция басқармасының аумағындағы «Арыстанбек» спорт кешенінде спартакиада барысында бақ сынады.
Құқық қоғау органдарында қызмет етіп, өз саласына еңбегін сіңірген полиция полковнигі Арыстанбек Кисиковты еске алуды мақсат еткен шара тәртіп сақшыларын спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, жарыс қатысушыларының спорттық шеберліктерін шыңдау және іскерлік байланысын нығайтуға бағытталған. Оған полковниктің әпкесі Зауреш Кисикова (суретте) бастаған басқа да жақындары, Серік Біртайұлы, Біржан Тлепбаев секілді достары мен әріптестері, полиция ардагерлері қатысты. Жалпы спартакиада артына өнегелі істер қалдырған азаматты еске алу үшін ұйымдастырылғандықтан ең алдымен жиналғандар арнайы жасалған мемориалды тақтайшаға гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Мұнан кейін олар осы іс-шараға қолдау білдірген жаңндарға алғыстарын білдіріп, жарысу қатысушыларына сәттілік тіледі.
Спартакиада спорттың бес түрінен өтті. Үміткерлер – шетінен кіл мықтылар. Намысты қолдан бермеу үшін тәртіп сақшылары білек күшін сарқа сынасты. Сайыс барысында полиция қызметкерлері қол күресі, арқан тартысу сияқты күш қолдану жаттығуларында белсенділік танытты. Сондай-ақ футбол алаңында да тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Бәсекеге толы спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте жергілікті полиция қызметінің бөлім қызметкерлері өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеді. Екінші орынды тергеу бөлімі иеленсе, үшінші орынды патрульдік полиция ротасы қызмет инспекторлары мен уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері еншіледі.
Сайыс жеңімпаздарына мақтау қағаздар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.