Ұлттық, тіпті, әлемдік поэзия көгінің жарық жұлдызы, мәңгі өшпес, өлмес өлеңдерімен туған халқының жанын теңіздей тербеген, сұлу сөз, терең ойымен өзіне ешкім тең келмеген, өрт сезімі, от жүрегімен жыр бәйгесінің алдын бермеген Мұқағалидай ақыны бар қазақ қашанда бақытты!
9 ақпан – қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы Алтын ауыл орта мектебінде «Мен поэзияға ғашықпын!» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай,
Айтып өткен ақында арман бар ма?
Жүрегінің түбіне кір жасырмай,
– деп жыр-лаған ақиық ақынға арналған кеште аталған білім ұясының жас ұстаздары, оқушылары және Қаскелең мәдениет колледжінің осы жерден тәжірибеден өтуге келген студенттері Мұқағалидың балалық, жастық шағы, шығармашылық жолы, ақындық асқар биігі, адами асқақ бет-бейнесі жайында санаға сәуле түсірер сахналық көрініс қойды. Оның барысында, сондай-ақ, ақынның махаббат, мейірімге толы өлеңдері оқылып, мазмұнды, мағыналы сөзіне жазылған әсем де әдемі әндер әуеледі.
Сонымен қатар, «Мұқағали Мақатаев – ғасыр ақыны» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, сахна төріндегі үлкен экраннан ғибратқа толы ғұмыры мен отбасы және достары туралы тарихи суреттер көрсетіліп тұрды.
Кеште ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев, келіні, М.Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың директоры Бақытгүл Айдарова, ақынның жерлес інісі Елеусіз Ахметкерімұлы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, белгілі әнші Тейіп Бейсенбеков және т.б. сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Алдымен сөз берілген, ұзақ уақыт заң саласында жемісті қызмет еткенЖұлдыз әкесі жөнінде толғана сөйлеп, оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап қайтарды, қызықты естеліктерімен бөлісті, осындай тамаша кеш өткізген мектеп басшылығы мен ұжымына ақтарыла алғыс айтты.
– Әкемнің азан шақырып қойған аты – Мұхаммедқали. Әкесінің есімі Сүлеймен болса, анасының есімі Нағиман, – деді ол өткен күндерді ой көзімен шола тұрып. – Өлең жазуды ерте бастапты, тұңғыш туындылары аудандық «Советтік шекара» газетінде, республикалық «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған. Әкем өте қарапайым, мінезі жайдары, пейілі кең, жаны жаз, көңілі көктем, сезімі сергек, жүрегі нәзік, аңқылдаған ақ ниетті адам еді. Қолы ашық, жомарт, пайым-парасаты биік, оқыған-тоқығаны мол, зейін-зердесі мықты, мәселенің мәніне терең үңілетін, өмір құбылыстарының сыры мен қырын жақсы білетін, әр нәрседен орнықты ой түйетін, туған халқын өте сүйетін, жақсылығына қуанып, жамандығына күйетін. Бұған тұп-тұнық тума талантын, табиғат берген дарқан дарынын қосыңыз. Осының бәрі оны, әрине, өлеңнің өр биігіне көтерді. Әлі есімде, әрдайым бой-басы таза қалпында кеудесін тік ұстап, алшаң басып жүретін. Өйткені, сол алғашқы поэзия пырағымен алға қарай арындап шаба бастағанынан-ақ, әсемдік, әдемілікке әбден іңкәр, сұлулыққа ес-түссіз ғашық күйінде жыр патшалығының алып асқарына қарай жүйіткіген кезінен-ақ өзінің ұлылығын, қазақтың қасиетті жыр әлеміндегі орнының өзгеше, бөлек екенін сезді-ау деп ойлаймын мен.
Мұнан кейін ақынның келіні Бақытгүл Айдарова да мектеп ұжымына ағынан жарыла ақ алғысын айта келе, аталарының рухы үнемі қолдап жүрсін деген ниетпен кітаптарын сыйлады.
Сонымен қатар, ақын өмірін зерттеушілердің бірі, ұлағатты ұстаз Елеусіз Ахметкерімұлы өлең оқып, кітабын тарту етсе, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара апамыз әдебиетіміздің мұзарт шыңы – Мұқағали туралы, қазақ тілінің қадір-қасиеті жайында ғибраты мол әдемі әңгіме айтты. Ал, Қаскелең мәдениет колледжінің оқытушысы, әйгілі әнші Тейіп Бейсенбеков ақын сөзіне жазылған марқұм Құдайберген Өрісбаевтың «Күндер-ау, күндер!» әнін орындады.
* * *
Мектеп ұжымы, расында да, аталған бас қосуды өте жақсы ұйымдастырыпты. Мұның өзі де оқушылардың тәлім-тәрбиесіне әсер-ықпалы зор, олардың жан-дүниесін сәулелендіретін, әдемілікті, сұлулықты сүюге жетелейтін, рухани биікке ұмтылдыратын игі істің бірі ғой.
Иә, Мұқағали сынды ұлтымыздың ұлы тұлғасының рухына деген үлкен құрметтің бедерлі белгісіндей болған, жас ұрпақтың жүрегіне жарық-нұр ұялатқан керемет кеш үшін мектеп директоры Гүлмира Иманбаева мен педагог-ұйымдастырушы Бекнұр Иманқұловқа, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаламқас Шулбаеваға және ортақ іске белсене атсалысқан психолог Зәуре Тынаеваға, т.б. жиналғандар барынша ризашылық білдірді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Ерланның суреттері.