Ұйғыр ауданы
Жылда облыс көлемінде өткізілетін аудандардың мәдениет күндері биыл өзгешеленіп, енді елді мекендердің өнер ордалары сынға түсуде. Нақты айтқанда, ауыл мәдениетін арттыру мақсатында, Алматы облысындағы Ауылдық Мәдениет үйлер мен клубтар, кітапханалар мен мұражайлар арасында «Ауылым – алтын бесігім» байқауы өтті.
Аталған байқауда Ұйыр ауданының қанжығасы майланып қайтты. Аталмыш байқаудың аудандық кезеңінде өз өнерлерін паш етіп, нағыз ауылдың мәдениетін көрсету үшін Шошанай ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткізген мәдени шарасы облыстың назарына ұсынылған болатын. Абыройдың туын желбіретіп жүлдеге ие болып, өңірдің мәдениетін өзгелерге өнеге етіп өнерпаздар облыс орталығынан келген мәдениет саласының майталмандарынан құрылған қазылар алқасының жақсы деген бағасына лайық бола білді.
Солардың қатарында, көрермен көзайымына айналып үлгерген Шошанай ауылдық клуб жанынан құрылған «Шежіре – тәлім» үйірме ұжымы да бар. Ауылдың қазыналы қарттарынан құрылған бұл өнерлі жандар «Қазыналы қариялар» номинациясы бойынша жүлделі болып, 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты қоржынға басты.
Бұл байқауда мәдениет пен өнерді белгілі бір бағытта ғана емес еңбектеген баладан, еңкейген қарттың арасында дәріптеп жүрген ауылдың мәдениет қызметкерлерінің, мектеп ұжымының, ауыл жастарының еңбегі еленді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.