Спорттың қоғамда алар орны ерекше. Себебі дене мәдениетінің бір бөлігі болып саналатын спорт ол – денсаулықтың, рухтың күштілігі. Бүгінде елімізде қоғамның, әсіресе, жастардың арасында саламаты өмір салтын насихаттау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондай шаралардың бірі ретінде таяуда ауданымызға қарасты Шамалған ауылдық округінде орналасқан болашақ чемпиондар дайындалатын «Úshqońyr» спорт кешенінде өткен жасөспірімдер арасындағы бокстан «USHQONYR кубогы» республикалық турнирді атап айтуға болады. Алматы облысы бокс федерациясының төрағасы Дәурен Төлегенұлының бастамасымен ұйымдастырылған спорттық бәсеке аудан тарихында тұңғыш рет өтіп отыр.
«Балалар жылы» аясында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен турнирге аталмыш басқарманың басшысы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облыстық спортты дамыту дирекциясының директоры Дархан Әшімов, кәсіпқой боқстың аса ауыр салмағы бойынша Азия чемпионы Еділ Қожамбердиев, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Нұрсұлтан Жұмабайұлы сынды спорт саңлақтары арнайы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Нұрбақыт Молдахметұлы сөз алып, облысымызда спорт саласын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын тілге тиек етіп, «USHQONYR кубогы» жыл сайын жалғасын табатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ ол спорт кешенінің директоры, Алматы облыстық бокс федерациясының президенті Дәурен Төлегенұлына «Бокстан ҚР спорт шебері» атағын растайтын куәлік пен «Спорт саласының үздігі» төсбелгісін табыстап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Осылайша салтанатты түрде ашылған шаршы алаңдағы дүбірлі додада Астана, Алматы, Шымкент сияқты шаһарлардан келген 12-13 жас аралығындағы 120 жасөспірім 20 салмақ бойынша бабы мен бағын сынап, өзара кіл мықтыны анықтады. Ал Халықаралық дәрежедегі AIBA төрешісі, Алматы облыстық бокс федерациясының вице-президенті және осы жарыстың бас төрешісі Манап Тілектің айтуынша, жоғары деңгейде ұйымдастырылған жас былғары қолғап шеберлерінің жарысына төрешілік етуге арнайы халықаралық, республикалық, облыстық дәрежелі білікті мамандар ғана шақырылған. Олардың ішінде Уганда мемлекетінен келген кәсіпқой бокс төрешісі Тущине Поль де болды.
Төрт күнге созылған дүбірлі бәсекеде аудан боксшылары барын салып, жерлестерін жерге қаратпады. Нақтырақ айтқанда, жарыс нәтижесі бойынша 42, 44, 46, 70, 80 келі салмақ бойынша қарасайлық жас спортшылар жеңіске жетіп, І орынды қаңжығалады. Ал 32, 36, 66 кг салмақ бойынша Тараздың, 40, 63 кг-да күш сынасқан Алматының, 34 кг-да дес бермеген Шымкент қаласының боксшылары жеңімпаз атанды. Аудандар ішінен жамбылдық саңлақтар 38, 54, 57, 75, 80+ кг бойынша және Іле ауданының спортшылары 48, 50, 60 салмақ дәрежесінде жеңіске жетті.
Жалпы командалық есепте «Ushqonyr» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы І орынға ие болды. Одан кейін Талғар ауданының және Алматы қаласының боксшылары басымдық көрсетті. Бұдан бөлек бірнеше номинация бойынша да марапаттар берілді. Атап айтқанда, «Үздік төреші» болып Кеген ауданынан келген Медет Өмішев, «Үздік жаттықтырушы» болып Талғар ауданынан келген Али Қамбаров, «Үздік боксшы» болып талғарлық Талғатұлы Абдулла танылды. Сондай-ақ, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы Қонаев қаласынан келген боксшы Елдар Алматұлына тапсырылды.
Барлық чемпиондар арнайы кубокпен және медальдармен марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.