Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан бері ауданымыз бойынша көптеген талқылау, отырыстар ұйымдастырылып келеді. Өткен аптада осындай жиындардың бірі Шамалған бекетіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте, «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы Жаңашамалған бастауыш партия ұйымының төрағасы Алпамыс Айдаровтың жетекшілігімен, өткізілген еді. Ал, жиынға ел Президентінің алғашқы Жолдауындағы бағыты айқын бастамаларды тілге тиек етіп, ой бөлісу үшін «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Бектасов пен аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова арнайы қатысты. Олардың әрбірі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандарды қолдайтындарын айтып, ондағы жүзеге асатын тапсырмалар тұрғындар үшін маңызы жоғары екенін түсіндірді. Талқылау жиынында А.Болымбекова, Л.Төлегенова, З.Құлмағанбетов сынды сөйлеушілердің ой-пікірлері де тыңдалды.
Жиын соңында аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Құлжабайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бастамаларға тоқталып, оған барынша қолдау білдіруге шақырды.
Өз тілшіміз.