Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев осы аптада Іргелі ауылдық округінің халқымен кездесіп, кезекті есеп беру кездесуін өткізді.
Жиында әдеттегідей ауданның өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші баяндалып, атқарылған істер мен келешектің жоспарындағы жұмыстар айтылды. Алайда әкіммен тікелей кездесуге келген жұрт үшін бұл айтылғандар емес, бүгінгі күні толғандыратын мәселелер маңыздырақ болды.
Құрғақ уәдеден шаршаған қараша халық өз ойларын ашумен жеткізіп те жатты. Аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы барлығына басу айтып, барлық мәселенің мән-жайын ретімен тыңдап, оның шешімін жеткізуге тырысты.
«АСЫЛ АРМАНДАҒЫ» МЕКТЕП БИЫЛ БІТПЕЙДІ
Ауылдық округке қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі ең басты мәселе – білім мекемесінің жоқтығы. 25 мыңға жуық халықтың өтінішін арқалап бұл жиынға бірнеше адам келді. Барлығының көкейіндегі бір сауал – қашан мектеп салынады?
Аудан басшысы Жандарбек Ермекұлының сөзіне сүйенсек, мектептің құрылысы өткен жылы басталған. Алайда пандемия жағдайынан кейін құрылыс материалдарының бағасы өзгерген. Соған байланысты қайта есептеу үрдісі жүргізіліпті. Сол себепті жұмыс уақытша тоқтатылған. Бұл іске, тіпті, білім және ғылым министрлігі де араласуда.
Мектептің толықтай бітуіне «Advennto» ЖШС жауапты. Қазір аталған серіктестік пен аудандық әкімдік, тиісті министрлік арасында үшжақты келісім жүргізілуде. Жоспар бойынша жаз айларында нысанның құрылыс қарқыны артып, оқу жылының ІІІ тоқсанына дейін бітуі тиіс. Яғни, аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар айында асылармандық оқушылар мектепке барады.
ҮЙІРМЕЛЕР НЕГЕ ЖАБЫЛЫП ЖАТЫР?
Іргелі, Кемертоған, Көксай ауылдарының халқы оқушыларға арналған үйірмелердің жабылуына наразы. Ауылдықтар осындай уәждерін Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевқа жеткізді.
Балалардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін шыңдауға арналған білім ошақтары 1 наурыздан бастап жабылып жатыр. Бұл жөнінде аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың есептік кездесуінде ата-аналар қауымы шағымдарын айтып, үйірмелердің не себепті жабылып жатқанын сұрады. Олардың айтуынша, тегін білім беретін орталықтар оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік болған. Алайда қазіргі уақытта ешқандай бала қабылдамайды. Осының себебін ауыл тұрғындары аудан әкімінен сұрады. Жандарбек Ермекұлы бұл жайтқа қатысты жақын уақытта нақты жауап беретінін мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы кеше, яғни,
1 наурыздан бастап қаржы тапшылы-ғына байланысты облыс көлеміндегі шығармашылық үйірмелердің тоқтатылғандығын хабарлаған.
ЖОЛ АЙРЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?
«Алматы – Бішкек» тас жолынан өтетін «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі жол айрықтың құрылысы биыл бітетін болды. Бұл туралы аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы нақты мәлімдеді.
Расымен де, «Алтын орда» базары маңайындағы жол пайдалануға берілгенімен, осы маңға жақын орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі таға тәріздес аспалы көпірдің құрылысы әлі бітер емес. Қазіргі уақытта жұмыстың жанданып жатқанын да байқамаймыз.
Дәл осы мәселенің жай-жапсарын аудан әкімі Жандарбек Далабаев түсіндірді. Айтуынша, құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты жұмыстардың барлығы уақытша тоқтатылған. Дегенмен жол айрықтың құрылысы биыл толығымен бітіп, асылармандықтардың игілігіне беріледі. Бұл ақпаратты аудан басшысы өзі растап, жергілікті тұрғындарға түсіндірді.
Одан бөлек, жиын барысында Алматы қаласынан тұрғын үй кешенге дейін қатынайтын автобустардың соңғы аялдамасындағы жарықтың жоқтығы айтылды. Оған қатысты өтінішті «Асыл арман» халқының атынан сөйлеген Арғынбай Рысалдиев жеткізді. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев осы мәселені зерделеу үшін оны округ әкімі Абылай Ысқақовқа жүктеді.
ЖҰРТТЫ АЛАҢДАТҚАН ЖАҒЫМСЫЗ ИІС
Қағаз-картон өндіретін «Kagazy Reсycling» ЖШС-нің фильтрациялық алқабы осы маңда тұратын халықты әбден мезі еткелі қашан. Аудан әкімі аталған мәселе екі жолмен ғана шешілетінін түсіндірді.
Мәселенің мән-жайын жеткізгендер – сол баяғы асылармандықтар. Олар жүйкені жұқартып, дертке дейін итермелейтін жағымсыз иістен әбден шаршадық дейді. Жаз кезінде ойын баласы осы иістен ауруға шалдығатын көрінеді. Қанша жылдан бері талқыланып келген мәселені шешіп беру үшін тұрғын үй кешеннің халқы аудан әкіміне наразылықтарын білдірді. Одан біржолата арылу жолын қарастыруды сұрады.
Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев «Kagazy Reсycling» ЖШС-нің өндіріс қалдықтарын төгетін жерін басқа жаққа ауыстырумен түсіндірді. Яғни, қоқыс қалдықтарына арналған канализация жүйесін Алматы қаласы арқылы кететін құбырмен байланыстыру қажет. Егер бұл жоспар жүзеге аспаса, аталмыш компания өз аумағында белгілі бір жерді жеткілікті мөлшерде қазып, соған өндірістік қоқыс қалдықтарын төгеді. Осы екі нұсқаның бірі орындалуы арқылы ғана бұл мәселе түбегейлі шешіледі.
Аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы халықты алаңдатқан өзекті сұраққа осылай жауап берді. Алдағы уақытта бақылауда болатынын айтты.
ЖОЛДЫҢ САЛЫНУЫ ҮШ ЖЕР ТЕЛІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ
«Aport» сауда-ойын-сауық орталығының маңайындағы тұрғындар жолдың жөнделуін әлі күнге дейін талап етіп келеді. Аудан басшысының есептік кездесуінде бұл тағы талқыға түсті.
Орталық көшесі «Жаңа жұлдыз» аталғанымен жергілікті халық бұл жерді 4-ші және 7-ші квартал деп атап кеткен. Мұндағы жолдың жоқтығы – талайдан бері талқыланып келе жатқан мәселе. Алайда осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Айдын Әуесбайдың айтуынша, көшенің сапалы жөнделуіне осы маңда орналасқан үш жердің учаскесі кедергі келтіруде.
Егер қожайындары ерікті түрде жер телімдерінің жеткілікті мөлшерінен заңды түрде бас тартып, жолдың жөнделуіне бөліп берсе, бұл мәселе оңды шешіледі. Сондықтан көршілер қауымы өзара келісімге келуі тиіс.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.