Жақында, оқушылардың бойына патриоттық сезім қалыптастыру, ұлттық сананы жетілдіру, туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында, Еңбекші ауылындағы орта мектептің мәжіліс залында «Рухани жаңғыру – кемел келешекке даңғыл жол» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Шараның басты меймандары ретіндеҚазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиев, аудандық қазақ тілі қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлнар Такимова таныстырылып, алғашқы сөз мектеп директорына берілді.
Өз сөзінде, Гүлфайруз Манасова жиынның мән-маңызы мен мақсат-міндеті туралы айта келіп, рухани жаңғыру аясында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Одан кейін, өзінің қоңыр дауысымен көпшіліктің жүрегінен орын алып жүрген атақты әнші Рамазан Стамғазиев жиналғандардың сұрауы бойынша, қонақ кәдеге Ақан Серінің «Балқадишасын» орындап берді.
–Қазір, үлкен халықтық рухани дүниенің қайта жаңғыру кезеңі. Бұл, әрине, ғылыми ізденудің жемісті нәтижесі. Кезінде опералық театрлар құрылған кезде, атақты Е. Брусиловский қазақ даласындағы әндерді жинап, жарыққа шығарды. Бүгінде, сол заманда қол жетпеген, сахнаға шығаруға рұқсат берілмеген, айтылмаған әндердің көпшілігін мұрағаттардан, сөздерін қолжазбалардан тауып алуға қолымыз жететін жағадай туып отыр. Бұған себепкер болып отырған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы деп білемін, – деді әнші өз сөзінде.
Сұхбат барысында күміс көмей әнші өзінің туған жері Райымбек ауданы Көкпияз ауылында өткен балдырған шағы туралы әңгімелеп, домбырамен ауыл жайлы әсем ән де орындап берді.
Келесі кезекте Қарасай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы Елбасының мақаласында жазылып жүрген үштілділік, 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу мәселелері бойынша өз пікірін айтты.
–Біздің негізгі тіліміз қазақ тілі. Ол біздің ана тіліміз. Көршілес еліміз Ресей Федерациясы болғандықтан, орыс тілін білуіміз керек. Ал, ағылшын тілі – нарықтық экономиканың тілі. Сондықтан, үш тұғырлы тіл деп айтып жүрміз. Біздің ана тілімізде бір жарым миллион сөз бар. Мұндай сөздік қоры бай тіл ешқандай мемлекетте жоқ! – деген тіл жанашыры латын әліпбиіне көшудің дұрыс екендігін, 1940 жылдарға дейін латын әліпбиінде болғандығымызды, осы арқылы шетелмен қарым-қатынас жеңілдейтінін және дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуіміз жылдамдайтынын кеңінен әңгімеледі.
Жалпы, бас қосу барысында оқушылардың Рамазан ағаларына деген сұрақтары кезек-кезегімен қойылып, оның барлығына толымды жауап қайтарылды. Оған қоса, сол мектептің ақынжанды Саламат Сағындықов, Жанай Сарқыт және Нарқыз Қобланова сынды үш оқушысы шығып, әншіге арнап жазған өлеңдерін оқып берді.
Семинар соңын мектеп оқушылары концерттік бағдарламамен түйіндеді. Оның аясында «Қазақ хандығы» атты көрініс көрсетіліп, патриоттық рухтағы әсем әндер орындалды.Одан соң іс-шараға қатысқан басты қонақтарға мектеп ұжымынан сыйлық берілді.
Концерттік бағдарлама мәресіне жеткеннен кейін білім ұясының төртінші, алтыншы, жетінші, тоғызыншы және оныншы сынып оқушыларына арналған «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол», «Ел рәміздері – ұлттық мақтанышым», «Мен елімнің патриотымын» тақырыптарында тәрбие сағаттары өтті. Әр ашық сабақта үш топқа бөлінген оқушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылап, өзара пікір алмасты.
Жұмабек СМАМЫТОВ.