Жақында ауданымызда алғашқы рет «Karasai-T» жолаушыларды тасымалдау таксопаркінің салтанатты ашылуы болып, оған Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев қатысты. Жұмыс істеп келе жатқанына енді ғана алты ай болса да, бұл компанияның бүгінде 25 көлігі жергілікті тұрғындарға қызмет жасауда.
Ашылу салтанатында алғашқы сөз Асқар Өкенұлына беріліп, ол ең алдымен, кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі, Елбасы тапсырмасына сәйкес бизнесті дамытуға қолдау көрсететінін алға тартты. Ал, өз кезегінде таксопарк басшысы Тимур Шарупов таксиді үйден шықпай-ақ, телефон нөмірлеріне қоңырау шалып тапсырыс бере алатынын айтып, мемлекет басшысының Жолдауындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жергілікті тұрғындарға мобильді бағдарламаны ойластырып қойғанын жеткізді. Яғни, кез-келген жерде қолыңыздағы ұялы телефоныңызды алып, өте оңай такси шақырта алуға болады. Әрине, ең алдымен, бұл қызмет түрі жастарға жақсы жағдай жасауда. Ал, жол ақысы болса қалта көтерерлік. Таксопарк жолаушыларды тасымалдаудан бөлек, ұқыпты жүргізуші мен курьерлік қызмет көрсетуді де ойластырып қойған. Ол үшін мына нөмірге 8(72771)2-00-88 хабарлассаңыз жеткілікті. Бүгінде мұнда жалпы алғанда 54 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде екі адам оператор болса, қалғаны жүргізушілер.
Ия, жанымызда тұрған Алматы қаласында мұндай компаниялардың реті көп. Алайда, біздің ауданда да ашылған бұл таксопарк алдымен қарасайлықтардың тыңғылықты тіршілігін жеңілдетудеге атсалысуда. Болашақта осы сынды бизнес ошақтарының қатары көбейіп, олар да халыққа тиімді қызметтерді ұсынады деген сенімдеміз.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.