1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласындағы АЭС-та мыңдаған адамның өмірін қиған ірі апат орын алды. Ол оқиғаға куә болғандардың жанында ғана емес, жүрегінде де жазылмас жара қалды. Апатты залалсыздандыруға 800 мың адам қатысты, оның ішінде 32 мың қазақстандық әскер бар еді.
Міне, осындай ядролық апатты залалсыздандыру үшін, батылдық пен ержүректілік танытқан ардагерлерді құттықтау мақсатында, елімізде жыл сайын өткізіліп отыратын іс-шараның бірі, кеше Абай атындағы мектеп-гимназиясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.
Алдымен, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Шынарай Қазбекова сөз алып, аталған тарихи оқиғаға биыл 32 жыл толғанын айтып, ардагерлерді Чернобыль апатының құтқарушылары күнімен құттықтады. Бұл ядролық апаттың салдарын жоюшылар қатарында аудан бойынша 57 адам бар екендігін, сол отандастарымыздың ерлігі мен жігері болмаса, алапаттың ауқымы қазіргіден де үлкен болуы ықтимал екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Чернобыль одағының президенті Болат Раздықов сөз алып, Чернобыль оқиғасы туралы толық мәлімет берді. Жарылыстың әсері АҚШ-тың Хиросима мен Нагасакиға тастаған бомбасынан да асып түскен. Апат кезінде кешенде 4500 адам жұмыс істеген. Реакторды залалсыздандыру үшін жұмыс жасаған әр үш әскер 30 секунд сайын ауысып отырғанын, ол жұмыстардың басым бөлігі су себу болғанын тілге тиек етті.
Кездесу соңында, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Шынарай Сүйіндікқызы Қарасай ауданы бойынша Чернобыль апатына қатысқан ардагерлерді арнайы медальмен марапаттап, мақтау қағаздарын ұсынды. Жиналғандар аудандық мәдениет үйінен келген әншілердің концерттік бағдарламасын тамашалады.
Жұмабек СМАМЫТОВ.