Соңғы уақытта елді алаңдатқан қауіпті жағдайдың бірі – су тасқынының пайда болуы. Табиғи апаттың кесірінен кейбір өңірдегі елді мекендер су астында қалып, қорадағы малдар суға тұншығып, тіпті тұрғындар баспаналарынан айырылып қалуда. Бұл өкінішті жағдай елдің басқа аймағында орын алмас үшін тиісті шаралар жергілікті атқарушы органдардың тарапынан атқарылуда.
Талайдың тыныштығын бұзған бұл өзекті мәселені тақырыпқа арқау етіп, Қарасай ауданы бойынша су қоймалары мен арық жүйесін қадағалайтын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз етумен айналысатын «Үшқоңырирригация» КММ-нің басшысы Нұрдос Нағашбековпен тілдесіп көрдік.
– Нұрдос Нұралыұлы, алдымен сұқбатымызға келіскеніңізге алғыс білдіремін. Алғашқы сұрағым елдің кейбір өңірінде орын алып жатқан су тасқынына қатысты болмақ. Дәл осы мәселе бойынша біздің аудандағы ахуал қандай? Қарасай жеріне төніп тұрған қауіп бар ма?
– Қарасай ауданы бойынша өтетін ең ірі су көздері – Қаскелең, Шамалған, Ақсай, Қырғауылды өзендері. Қазіргі таңда олардың жалпы көлемі секундына 6,9 текше метрді құрап отыр. Аталмыш өзендердің бойында «Үшқоңырирригация» мекемесіне тиісті 7 су қойма бар. Толтыру көрсеткіші 50-55%-ды құрайды. Барлығы транзитті режимде жұмыс істеп тұр. Яғни, қанша су келді, сонша көлемде су қоймадан шығып тұр. Қазіргі таңда мониторинг жүргізілуде, барлығы бірқалыпты. Көршілес Іле ауданындағыдай қауіп жоқ.
– Өзіңіз білетіндей, былтыр Президентіміз: «Су жүйесін дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы тиіс», – деп жаңа министрлік құруды қажет деп санаған еді. Сәйкесінше біраз уақыттан кейін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Айтыңызшы, қазіргі таңда осы саладағы жұмыстар бұрынғыдан қарағанда даму үстінде ме?
– Әрине, өзгеріс бар. Жаңа министрлік құрылғаннан кейін облысымызда басқарма ашылды. «Жол картасы» әзірленіп, арнайы бағдарламалар арқылы су қоймалары мен арықтарды қалпына келтіру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Бұрын бұл процесстер ұзақ күтіретін еді. Қазір министрлік ашылып, бюджет қорынан қаражат бөлу жағы жедел іске асуда. Саламызға қатысты мұндай өзгерістер талай мәселені шешуге ықпал етеді деген ойдамын.
– Нұрдос Нұралыұлы, аудандағы су қоймаларына тоқталсақ. Қазір олардың саны қанша? Қайсысы жөндеуді қажет етеді? Арықтардың жағдайы қалай?
– Жоғарыда атап өткендей, қазіргі уақытта «Үшқоңырирригация» мекемесіне тиесілі 7 су қойма бар. Оның үшеуі 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ал қалған төртеуі апаттық жағдай болғандықтан, қайта қалпына келтіру жұмыстарына тиісті өтінім берілді. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасына ақша бөлінді. Енді мемлекеттік сараптамада тұр. Жоспар бойынша 2024-2025 жылдарда күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Ал арық жүйесіне келер болсақ, біздің мекемеге тиесілі каналдардың ұзындығы 175,5 шақырымды құрайды. Оның 111 км-не жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген жоспар бар. Қазір ол да мемлекеттік сараптамада. Каналдардың жағдайы, міне осындай. Айта кету керек, бізде сонау 60 жылдардан бері жөнделмеген су қоймалары, арық жүйелері бар. Олардың сол кездегі материалы мықты, сапасы сын көтергендіктен, әрбірі талай жылға дейін қызмет етті. Дегенмен уақыт өте келе механикалық тазалау жұмыстары қажет етіледі.
– Суды үнемдеу – бұл да күрделі мәселе. Осыған тоқталсақ деп едім. Қарасай ауданында осыған қатысты қандай жұмыстар қолға алынған?
– Қарасай ауданында 18649 га жер суармалы болып табылады. Соның 940 га-ы 2023 жылы тамшылатып суарылды. Нәтижесі жаман емес. Биылға 2140 га жерді осы әдіс арқылы суаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы суармалы жердің көбісі ауданымыздағы ауыл шаруашылықпен айналысатын бес институтқа тиесілі. Қазіргі таңда аталған мекемелермен келіссөздер жүргізіліп, тамшылатып суару әдісі бойынша жұмыс жоспарлануда. Бұл ретте айта кету керек, суарудың бұл тәсіліне өту үшін мемлекеттен арнайы субсидия бөлінеді. Яғни, сорғы, арнайы жұмсақ құбыр, сайман сияқты қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады.
Бұрын институттарға тиесілі жерлердің бәрі канал арқылы суарылатын. Егер тамшылату әдісін тиімді пайдалансақ, судың үнемделуі жақсы нәтиже беретіні анық. Осы бағытта жұмыс атқарудамыз.
– Ақпаратыңызға рақмет, Нұрдос Нұралыұлы. Жұмысыңыз жемісті болсын.
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.