Әлем елдерінің мемлекет екендігін айқындайтын нақты нышаны – оның рәміздері. Яғни, Елтаңбасы, Туы, Әнұраны.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Ал, 2007 жылдан бері айтулы күн патриотизмді насихаттайтын дәстүрлі мерекеге айналды. Расымен де, рәміздің мемлекет үшін алар орны бір бөлек. Соның ішінде Елтаңбаның өзіндік мәні бар. Айрықша белгі – егемендіктің, азаттықтың айғағы.
Ресми деректерге сүйенсек, Елтаңба үшін 245 жоба дайындалған. Олардың арасынан атақты сәулетшілер – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уалихановтың туындылары сәтті шығып, жеңімпаз болуға лайық деп танылған.
4 маусым – мемлекеттік рәміздер күніне орай, Елтаңба авторларының бірі, ағымдағы жылдың наурыз айында дүниеден өткен, ұлтжанды азамат, тектінің ұрпағы – Шот-Аман Ыдырысұлы жайлы жазуды жөн көрдік.
Қазақстанның Құрметті сәулетшісі – аты мәшһүр қазақтың Абылайдан кейінгі ұлы ханы Уәлидің ұрпағы. Бұл жайлы бірі білсе, бірі біле бермес.
Шот-Аман Уәлиханов 1932 жылы, 26 сәуірде Көкшетау облысының (қазіргі Ақмола) Айтыртау ауданындағы Сырымбет ауылында дүниеге келген. Мәскеу сәулет институтын бітірген жас сәулетшінің алғашқы қызметі «Қазақстан қала құрылысын жобалау» мекемесінде басталды. Кейін Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары қызметін атқарды. Көп жылдар бойы Қазақстанның сәулетшілер одағын басқарды.
Қайталанбас туындының авторы Елтаңбаның қалай қағазға түскенін телеарналарға берген сұхбаттарында талай айтқан еді.
– Ойымдағы дүниенің бәрін қағаздың бетіне түсірдім. Екі қанат жасадым. Екеуін төменгі жағынан қосып, сол жерге Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов деп жазып қойдым. Жоғарғы жағына жұлдыз салдым, айды салдым. Сондай бір белгі болды, – деп бір кездері сәулетші осылай сұхбат берген еді.
Иә, Елтаңба авторы алғашында бесбұрышты жұлдыздың орнына ай мен күнді қоюды ұсынған екен. Алайда, онда әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдыз болсын деген нышанмен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Елтаңбаға бесбұрышты жұлдыз енгізуді ұсынды. Соңғы 25 жыл бойы әлем таныған бұл нышанымызға ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Тек әліпбиді біртіндеп латын қарпіне көшіруді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік рәміздердің бірі – Елтаңбамыздағы республика атауы басқаша қаріппен жазылды. Анығын айтқанда, 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы латынша «QAZAQSTAN» деп өзгертілді.
Ел егемендігін айшықтайтын елтаңбамыздың негізгі сипаты осындай. Шота-Аман Ыдырысұлы – бұл қайталанбас қолтаңбадан бөлек, еліміздегі көптеген ғимарат пен монументтің авторы. Ондай сәтті шыққан туындыларының қатарында Алматыдағы «Универсам» дүкені, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғимараты, «Казгипрозем» үйі бар. Сонымен қатар, сәулетшінің актерлік қыры да тарихта қалды деуге болады. Мәселен, кезінде ол Шоқан Уәлиханов, Тоқаш Бокин, Абай Құнанбаев, Ғани Мұратбаев, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Кенесары хан сияқты белгілі тұлғалардың бейнесін сомдады.
Қазақстан халқының ардақты азаматына айналған осындай қадірлі тұлғаны бүгінгі ұрпақ білуі тиіс деп ойлаймыз.Оның тәуелсіздік жылдарындағы ерен еңбектері, сәулет өнері тарих қойнауында мәңгі сақталады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.