Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Балалар жылының қарсаңында өткен аптада «Жанашыр жүрек» атты қайырымдылық шарасы өтті. Жақсылықты насихаттаған бұл кештің аясында тұрмысы төмен отбасыдан шыққан шамалғандық 50 оқушы қысқы киіммен қамтылып, қуанышқа кенелді. Бұл игі шараның өтуіне Қарасай ауданының Құрметті азаматы, Шамалған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Молбаев тікелей себепші болды.
Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға құрметті қонақтар да арнайы шақырылды. Олардың қатарында Қарасай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Сағат Мәсімақынов, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбайқызы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы, аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы Гүлжан Супеева және Шамалған ауылының ардақты ата-әжелері, сонымен қатар Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов болды.
Салтанатты жиында Сағат Ұлтарақұлы сөз алып, осындай қайырымды іске ықпал еткен Амангелді атамыздың еңбегін жоғары бағалап, ол кісінің осы уақытқа дейін атқарған жұмысына ризашылығын білдірді.
Амангелді Жебегенұлының жомарттығын округ әкімі Ержас Серғазыұлы да сөз етіп, жас ұрпақтың алдында және ауылдың ахуалын арттыру жолында атқарып жатқан жұмысына шынайы алғысын айтты. Сонымен қатар округ әкімі Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің атынан Амангелді ақсақалға Алғыс хат табыстап, аудан басшысының ыстық ықыласын жеткізді.
Қонақтардың айтқан ақ тілектерінен кейін Шамалған ауылындағы барлық мектептегі әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан 50 оқушыға Амангелді Молбаевтың демеушілігімен алынған қысқы киімдер үлестірілді. Олардың әрбірін сахна төрінде қайырлы істің иесі Амангелді Жебегенұлы мен ата-әжелеріміз табыстап, оқушылардың озат болуын тіледі. Осы ретте Шара Қанатқұлқызы мен Ақлия Бекбайқызы Амангелді қарияның жасаған жақсылығына риясыз ризашылықтарын білдірді. Ақсақалдың үлгілі ісін алдағы уақытта осы ауылдың ақ-жаулықты әжелері де жалғастырса деген ниеттерін жасырмады.
Сонымен қатар бұл шараның барысында Қарасай ауданының Құрметті азаматы Серік Бакишев жақсы істі дәріптеген Амангелді Жебегенұлының иығына шапан жауып, осы кеште қуанышқа бөленген оқушыларды құттықтады. Ауыл азаматының жомарттық қасиеті басқаға ғибрат екенін айтып, жерлестерін осындай сауапты істі жалғастыруға шақырды.
Қайырымдылық шарасы концерттік бағдарламаға ұласты. Қарасай аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қалбибі өнер» студиясының өнерпаздары «Жақсы адамдарым» әнін орындап көрерменді көңілді күйге бөледі. Одан бөлек басқа да жас өнерпаздар әндерін айтып, билерін биледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.