Гүлсім Қызайбекқызы туралы сыр
Әлемде 250-ден аса ұлт бар. Олардың бірқатары бір-біріне түрі мен діні жағынан ұқсас болғанымен ұлттық құндылықтары әртүрлі. Бір ұлтты екінші ұлттан айырықша ететін де осы қанға сіңген құндылық. Нақтырақ айтсақ, дәстүр, ұлттық өнер мен бабадан қалған мұра.
Біздің дәл қазіргі таңдағы бар мақсат-мүддеміз – ежелден келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу. Кезең келбетіне сай жаңғырту, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлағаттау. Соның ішінде тоғызқұмалақ – мың жылдық тарихы бар аса құнды дүниеміз. Ұлтымыздың дәстүрлі ойындарының бірі. Онда да ақыл мен ойдың ойыны. Адамды тапқырлыққа үйретеді, миды шыңдайды. Шыдамдылықты, салқынқандылықты, терең әрі логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ойдың спорты. Соңғы деректерге қарағанда оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ жақсы насихатталып келеді. Мәселен, Қырғызстандағы білім ордаларында тоғызқұмалақтан олимпиада өткізіліп тұрады. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығарылуда. Алтайда Қарашай – Шеркеште, Сахада үйірмелер ашылған. Еуропаның бірнеше елдерінде тоғызқұмалақ ойналады. Тәуелсіз Отанымызда тоғызқұмалақтың жеке қауымдастығы бар. «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті – белгілі қоғам қайраткері Әлихан Байменов.
Біз Кеген ауылының тұрғыны тоғызқұмалақтан республиканың 8 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, осынау қастерлі ұлттық ойынымыздың білімді де білікті, білгір маманы Мұсаева Гүлсім Қызайбекқызын тауып алдық. «Бөлексаз ауылында мықты тоғызқұмалақшы бар екен. Шәкірттерінің жеңісі қуантпай қоймайды», – деген әңгімелерді естіп жүретінбіз. Сол жаттықтырушы дәл осы Гүлсім апайымыз екен. Кеген ауылында тұрып жатқанына біраз уақыт болыпты. Қазіргі таңда аудандық балалар мен жасөсіпірмдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан дәріс береді. Қарқарада, Бөлексазда шәкріттері бар. Жалпы, тоғызқұмалаққа үйретіп, жаттықтырып келе жатқан қырықтан аса шәкірті бар. Бұл жақсы көрсеткіш, көңілге қонымды дүние. Гүлсім тоғызқұмалақтан ҚР Федерациясының президенті Әлихан Бәйменовтың құттықтау хатына ие болған.
Тоғызқұмалақшы нәзік жан Гүлсім Қызайбекқызы туралы бірер сөз. Ұйғыр ауданындағы Диірмен ауылының түлегі. Үкілеп үміт күткен қарлығашы. Атасы Нұрғали Мұсаұлы, әкесі Қызайбек те атақты тоғызқұмалақшы болған екен. Міне, жақсы дүние Гүлсімге ата-бабаларынан дарыпты. Содан да болар үлкендердің ұлағаты мен батасын алып өскен қыз өз тұсында тоғызқұмалақтан 3 дүркін атасы Нұрғали Мұсаұлының атында облыстық чемпионат өткізіпті. Алматы қаласындағы дене тәрбиесі және спорт институтын бітірген. Бірсыпыра жылдар облыстық спорт мектебінде жемісті жұмыс жасады. Жамбыл ауданындағы спорт мектебінде тоғызқұмалақтан арнайы бөлім ашып, жұмыс жүргізді. Сол кезде аудан тоғызқұмалақтан облыс бойынша 19 орында екен. Бірер жылдың ішінде дарынды шәкірттерін көптеп дайындап, ауданның тоғызқұмалақшылары жастар чемпионатында және ардагерлер бәсекесінде бірінші орынды иеленіпті. Бұл да болса білгір маман, білікті жаттықтырушының ерен еңбегінің нәрлі жемісі. Қазіргі өмір жолы Кеген өңірінде жалғасуда.
– Тоғызқұмалақ – ұлтымыздың үйренуге, дәріптеуге тұрарлық тамаша ойыны. Тоғызқұмалақты білген адам мықты математик, білгір физик, білікті химик болып шығады. Мықты экономист болып қалыптасады. Мұндай мамандықтан ешкім жамандық көрмейді. Математика екінің біріне жалын ұстата қоймайды. Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тоғызқұмалақты меңгергенін қалаймын. Әсіресе, мені мүмкіндігі шектеулі балалар тағдыры алаңдатады. Соларға да уақытымды бөліп үйреткім келеді, – дейді Гүлсім Қызайбекқызы жылы жымиып.
Рас, тоғызқұмалақшы ана айтқан мәселе аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі басшылығының назарында болар деген ойдамыз. Тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шебері Гүлсім Қызайбекқызының тек биылғы жылғы жетістіктерін сөз етейік. 2022 жылы 27-31 мамыр аралығында Қаскелең қаласында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті. Осынау жарысқа Кеген ауданынан 12 тоғызқұмалақшы шәкірт қатысты. Нәтижесінде 1 алтын, 7 қола медалды қанжығаларына байлап қайтты. Бөлексаз орта мектебінің оқушысы Ерген Мейрамбек алтын медальге ие болып, республикалық жарысқа жолдама алды. Реті келгенде қола медальді еншілеген Ақбота Мақсатқызының, Кәусар Нұрланқызының, Құлан Медетқызының, Ақмейір Ерланқызының, Инабай Жанатқызының есімдерін орнымен айтуға болады. Айта кетейік, Семей қаласында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында республикалық біріншілік өткен еді. Оған Кеген ауданынан Ерген Мейрамбек пен Құлан Мақсатқызы қатысты. Үш жүзге тарта тоғызқұмалақшы жасөспірімдер аталған ойынның классика, рапид, блиц түрлері бойынша күш сынасты. 9 жасар ұлдар арасында сайысқа түскен 33 балалардың арасынан Ерген Мейірбек І орынды иеленіп, республика чемпионы атанды. Сонымен қатар Алматы облысының бас жаттықтырушысының 30 мың теңгелік сертификатымен марапатталды әрі тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер атанып қайтты. Бұл ауыл, аудан, облыс үшін де үлкен мерей, орынды мақтаныш. Жарыс қорытындысында әр түрлі 17 медалға ие болған облысымыздың тоғызқұмалақшылары республика бойынша 1 орыннан көрінді.
Гүлсімдей білгір тоғызқұмалақшы биыл шілде айында өзінің ұйымдастыруымен Кеген ауылында тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында облыстық чемпионат өткізіпті. Одан жеңімпаз атанғандар Қазақстан Республикасының ардагерлер чемпионатына жолдама алды. 9 тоғызқұмалақшы Алматы облысының құрама командасына қабылданды. Тамыз айында Қызылорда қаласында өткен республикалық ардагерлер біріншілігінде облыстың құрама командасы 9 медальге ие болып, чемпион команда атанды. Аталған бәсекеде 55 жастағы әйелдер арасынан Гүлсім Қызайбекқызы жарыстың екі түрінен І орынды иеленді. Республика чемпионы атанды. Қайша Рысалова ІІ орынға, Гүлнәр Абдугапова ІІІ орынға ие болды. 60 жастан жоғары ерлер арасында Базарбай Әзімжанов ІІ орыннан, Мейрамқұл Ноғайбаев ІІІ орыннан көрінді. Қырық жастан жоғары әйелдер арасында жерлесіміз Айнұр Жақанбаева 1 алтын, 1 қола медальді еншіледі.
– Мені екі дүркін Қарасай ауданының спорт мектебінің басшылығы көтеріңкі еңбекақы төлейміз деп жұмысқа шақырды. Еңбегімді елеген оларға көптен-көп алғысымды айтамын. Бірақ осы аудандағы шәкірттерімді, үйренісіп, сыйласып кеткен ортамды ойлап барғым келмеді, – дейді Гүлсім ішкі сырын ашып.
Иә, мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны бойынша Кеген ауданының, облысымыздың мерейінің үстем болуына, спорттың осы түрінің ауылдық жерде желкенін жайып, өркенін өсіруге елеулі үлесін қосы келе жатқан Гүлсімнің еңбегі ерен, көтеріп жүрген жүгі ауыр. Табанды еңбекқор, білгір ұстаз, білікті жаттықтырушы нәзік жанды қалай мақтап, дәріптесең де, биікке көтерсең де жарасады. Бұл орайда бүгінгі ортасында өзінің орны, ерен ісі елеусіздеу қалып, «Қолда бар алтынның қадірінің білінбей» жүрген тоғызқұмалақшыға ауданның әкімдігі, спорт бөлімі лайықты назарын аударса игі. Оған бір ауыл жылы сөз де, алғыс дүниесі де әр күнгі игі ісіне лайықты дем берері даусыз. Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға да шапағатын тигізуге негіз қаланса, нұр үстіне нұр болмақ. Біз тоғызқұмалақтан спорт шебері, республиканың бірнеше дүркін чемпионы Гүлсім Қызайбекқызына, дарынды шәкірттеріне жемісті де жеңісті күндеріңіз көп болсын деген тілегімізді арнадық.
Суретте: Тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шебері, 8 дүркін республика чемпионы
Мұсаева Гүлсім Қызайбекқызы шәкірттерімен бірге.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауылы.
Кеген ауданы.