Кез келген ұлт, кез келген қоғам, кез келген сенім өкілдері өз тәртібі мен сана-сезімі бойынша өмір сүруге құқылы. Біз тек бір ел жаппай атап өтетін Хэллоуиннің біздің қоғамда тойлануы, қазақ жастарының Хэллоуин үшін аузы-бастарын қанға бояп, өлілердің кейпіне енуі — ақылға қонымсыз құбылыс.
1950 жылдардан бастап Хеллоуин коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле бастады. Костюмдер, әшекейлер, ашық хаттар және басқа да заттар өте жоғары сұраныстарға ие болды. АҚШ пен Канадада тойланып келген жаңаша сипаттағы Хеллоуин бүгінде Еуропа мен басқа да құрлықтарға қанатын жайған. Қазақстанға да келді. «Дүрлігетін не бар?» дерсіздер.
Жақында, сол мейрамды тойлаушыларға көрініс қойған атпалдай азамат ажал құшты. Бұл Алматыдағы сауық кештердің бірінде орын алған жағдай. «Хэллоуин» деп мейрамды тойлап қиқулағандарға түнгі клубтың тосынсыйы осы болды. Мумия кейпіндегі тірі адамды арқанға асып көтерді. Қауіпті трюк көрсеткен танымал каскадер Қасым Жұмағожин, сақтандыру белдігі болғандықтан, қасындағылар да алаңдамаған. Бірақ,15 минуттан кейін Қасым Жұмағожинді жерге түсіргенде ол әлсіреп, талықсып қалған көрінеді. Жедел жәрдем бригадасы жетіп, алғашқы көмек көрсетілгенімен, Қасым бақилыққа аттанды. Желіні шулатқан оқиға ел арасында бірден таралып кетті. Бастапқы деректер бойынша қайғылы жағдайдың орын алуына дұрыс бекітілмеген қауіпсіздік арқаны себеп болғаны айтылса, кейінірек актердің өліміне инфаркт себеп болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Бұл Хеллоуин мерекесіндегі жалғыз жайт емес. Астана қаласында осы мейрамды шулатып тойлап жатқандардың арасындағы 17 жасар қыздың үстіне баннер құлаған. Қуанышқа орай, жас жеткіншек аман қалған. Қастандық болған деп болжайды куәгерлер. Дегенмен де барлығын техникалық қауіпсіздік дұрыс сақталмауы деп жылы жауып отыр. Жастардың делебесін қоздырып, мереке деп тойлап жүрген күн нені білдіреді? Олай болса тарихына көз жүгіртсек.
Жалпы, Хэллоуин (Halloween) АҚШ-та Рождестводан кейінгі орында тұрған, халық жаппай тойлайтын мейрамдардың бірі болып саналады.
Бұл мейрам қайдан шыққан және қандай ерекшелігі бар? Бұл үшін мыңдаған жылдарға шегініс жасау керек.
Христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ, Францияның аумағында кельттер өмір сүрген. Кельттердің жыл санауы қыс және жаз болып екі бөліктен тұратын. Олар күнді өздерінің жоғары құдайы деп санайтын. Олардың түсінігі бойынша Күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің тұтқынында болады-мыс.
Тура 31 қазан күні (әрине, біздің жыл санауымыз бойынша) кельттер өздерінің Самхэйн деп аталатын ең үлкен мейрамдарын тойлайтын. Бұл мейрам күзгі өнімді жинау науқанының аяқталғанын және ескі жылдың аяқталуы мен жаңа жылдың басталуын білдіретіндіктен ерекше мәнге ие еді. Сонымен бірге Самхэйн – қыстың басталуын білдіретін. Сондықтан да кельттер әруақтар сияқты киініп алып, арғы беттен келетін тылсым күштерді тыныштандыру үшін, әр үйге барып тамақ сұрап жүретін болған.
Самхейн мейрамында әртүрлі бал ашулар өткізілетін. Бал ашу кезінде көбінесе жаңғақты қолданған. Қыздар өз сүйіктілерінің адалдығына көз жеткізу үшін, жанып жатқан оттың жанындағы торларға аттары жазылған екі жаңғақты қоятын болған. Сонда жаңғақтар бірдей жанып кетсе бәрі жақсы, ал егер олар жанбай, жан-жаққа ұшып кетсе, бұл жігіттің бейкүнәлігінің дәлелі деп саналған.
Мереке қарсаңындағы күн (31 қазан) ескі ағылшын тілінде All Hallows Even немесе All Hallows Eve («барлық әулиелер кеші») деп аталған. Кейінірек атаулар Hallowe’en немесе Halloween деп өзгертілген. Америкалықтар Хэллоуин мерекесін тойлауға жыл сайын 6,9 млрд. доллар жұмсайды екен. Олардың 68%-ы тәтті таратса, 43,5%-ы мерекелік костюмдер киіп әуре болмақ. Ал, 41%-ы асқабақтан мүсін жасауға қатысып, 31,5%-ы түрлі кештерге, 27,5%-ы отбасымен бірге көршілерінен сыйлық алуға барады. Дегенмен де теңгенің екі жағы болады. Бұл адам санасының қабылдауына байланысты
АҚШ-та латынамерикандық үш жігіт Хэллоуин түні құбыжықтың киімдерін киіп алып, үйлерді тонап шыққан. Бір үйде үй иесі мен қонақтарына оқ жаудырып, бірнеше адамды опат қылған. Мұндай оқиғалар басқа да елдерде болған екен.
Ал, ішіне жанып тұрған шырағдандар орнату арқылы асқабақтан қорқынышты шамдар жасау дәстүрі Хэллоуинмен тығыз байланысты. Аңызға сенсек, мұндай шамдарды қуақы және сараң ирландиялық ұста Джек ойлап тапқан екен. Ол осы шамдар арқылы шайтанды екі рет алдап, одан өз өміріне қастандық жасамайтыны туралы уәдесін алған-мыс. Хэллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. Тұрғын үйлердің сыртын, көшедегі көліктерді, аялдамаларды және әртүрлі жарнамаларды қирататын, бояп кететін, бүлдіретін бұзақыларға бұл мейрам таптырмас қызық болып отыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары бұл хэллуиннің біздің елімізде де тойлануы байқалып жатыр. Түнгі клубта, маскарадтар мен түрлі ойын-сауықтар ұйымдастыру арқылы қыруар пайдаға кенеліп жатқан көрінеді. Тіптен, кейбір оқу орындарында студенттер мен оқушылардың бастамасы бойынша да тойланып жатқаны тағы бар.
Бірақ та, бұл мейрамның танымалдығы өсуіне қарамастан, солтүстіктегі көршіміз «Хэллоуин – Ресейге жат мейрам» деп санауда. 2005 жылы Мәскеу қаласының билігі бұл мейрамды тойлауға қарсы болған. Бірақ, тыйым да салған жоқ. Сонда да мектептерде тойламауды өтінген.
Ал, біздің елімізде осы күнге дейін ұлттық рух, тәуелсіз сана толық қалыптаспағаны ащы да болса шындық. Бір қызығы, осы олқылықтың орнын толтырмақ болып, өзімізден бұрын өзгелер қимылдап жүргені белгілі. Яғни, пайда болған біздегі рухани бос кеңістікке біреу тілін, енді біреу дінін өткізгісі келіп әрекет етуде. Бұған халқымыз әлсіз тұсын көрсетіп, рұқсат етіп қойғандай. Сондықтан барынша оның орнына ұлттық мерекелерді насихаттайық. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген қазақ атам. Сұрықсыз мейрам атына тұрмас атаулы күннің кең етек жаюын тоқтатуды уақыт еншісіне қалдырдық.
Дәл осындай дәрежесі құлдыраған, мәнсіз, жат мерекенінің елімізде тойлануының сыры неде? Бұл жөнінде тұрғындардың ойларына құлақ астық.
«Жәрдем» колледжінің студенті Таңшолпан Садвакасова:
– Хэллоуин жайлы естігенмін. Бірақ, өз басым тойламаймын. Тойлаушыларды қолдамаймын. Менің қатарымның арасында да бұл күнді атап өтетіндер бар. Қазаққа жат мейрамға қызығушылық танытатындарды онша түсіне қоймаймын. Әркімнің өз еркінде ғой, мен толықтай қарсылығымды білдіремін.
Ал, астаналық қонақ Дастан Ақанов өз пікір былайша білдірді:
– Ұлт болашағы — жастардың қолында дейміз. Ал, Хэллоуин тойлап жүрген жастардан не үміт? Не болашақ күтеміз? Жастарымызың көпшілігі иман жолына түсіп, саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқанда мынандай мейрамдардың сананы, ұлтты бұзары айқын. Мен балаларымның да бұл мейрамды тойлауына тыйым саламын.
Мектеп оқушысы Данияль Мальцев:
– Мен үшін бұл мерекенің ешқандай маңыздылығы жоқ. Жеке өзіме Хэллоуиннің барынша аталып өтілуі немесе жойылып кетуінен келіп кетер пайда жоқ. Жалпы айтқанда, бұл мейрамсымақты даттамаймын да жақтамаймын.
«Қазақтелеком» қызметкері Дәурен Нүсіп:
– Бұл мейрамның заңмен алынып тасталғанын қалаймын. Қарап тұрсам мерекені атап өтушілердің басым көпшілігі жастар. Хэллоуинді сылтауратып алкольді ішіп масайып, дөрекі қылықтарға жол беріп жатады. Оның орнына саламатты өмір салтын сақтап, жаттығу залдарына барған дұрыс. Тойлаймын десең мереке көп. Тек ақ пен қараны ажыратпаған жастар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейді. Сондықтан заң тұрғысынан шектеу қажет деп ойлаймын.
Бұрым ОРЫНБАСАР.