XXI ғасырдың адамзат тарихындағы ғаламат технологиялық өзгерістердің заманы болып отырғаны белгілі. Әсіресе, цифрландыруда, IT саласында, робототехникада жеткен жетістіктер ауыз аштырып, көз жұмдырады. Ал қазір еш кідіртпей жедел ілгері жетелеп алып бара жатқан жасанды интеллект жүйесі ше! Мұндай кезеңде бәріміздің, әсіресе жастарымыздың зымыран уақыттың тамырын дөп басып, тіпті одан әлдеқайда оза жүруінің маңызы өте зор болса керек.
Осы орайда Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі робототехникамен шұғылданатын «Pid» командасын тілге тиек етсек дейміз.
Команда 12 оқушыдан тұрады. Үшеуі 12 сыныпта, қалғандары 10 сыныпта білім алып жүр. Капитаны – 12 сыныптағы Асылбек Қаныбекұлы. Олар 8 сыныптан бастап біріге, бірлесе әртүрлі жарыс, байқауларға белсене қатысып келеді екен. Жетекшілері – осы мектептің роботехника мұғалімі Айбек Қалабай мен қаладағы «Әлем» инновациялық орталығында жұмыс істейтін Талғат Сүндетов.
Иә, робототехниканың қыр-сырына, терең бойлап, осы орайда жемісті жетістікке жетуді мақсат еткен бұл команда бірте-бірте өзіндік айтарлықтай бел-белестен көрінуде. Мәселен, былтыр Алматыдағы «Атакент» көрме аумағында болған «Техкап» жарысында көзге түсіп, Астанадағы байқауға жолдаманы ұтып алған. Сол жылы желтоқсан айындағы Астанадағы бәсекеде олардың роботтық техникасы үздік шығып, топ жарды. Бұл оларды үстіміздегі жылғы 8-9 қаңтардағы SDU университетіндегі «First Championchip» жарысына алып келді. Оның нәтижесі бойынша команда Кипр еліндегі халықаралық байқауға жолдаманы ұтып алды. Ол таяу арада, яғни наурыз айында өткелі отыр. Егер осы жерде өз номинациясы бойынша жеңіске жетсе, АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы үлкен байқауда бақ сынайтын болады. Ендеше жас роботшыларға алдағы сында тек қана сәттілік тілейміз!
– Біздің балалар өте ұйымшыл, әрі тек нақты мақсатпен жұмыс істейді, – дейді осы команданың белді мүшесі, 10 сынып оқушысы, кезінде аудандағы Абай мектеп-гимназиясында білім алған, әлі де осы жерде тұратын қаскелеңдік жас өрен Олжас Аманкелдин. – Қазақ жастары бүгінгі дүбірлі дүниеде қайсалада болсын алдан көрінуі тиіс! Командамыз 18 жасқа дейінгілерді қамтитын «Firs+Tech Challengc» жүйесінде өнер көрсетеді. Өзімізге әр жыл сайын шешімі қиын, жаңа тапсырма беріледі. Соның жолын тура тауып, соған сай робототехниканы дұрыс жұмыс істете білуге тиіспіз. Негізгі мақсат, әрине роботехниканы одан әрі дамыту болса, жастарды көшбасшы болуға тарту, ынталандыру, инновациялық жаңа идеялар мен дағдыларды алдыңғы кезекке шығару да одан кем түспейді. Осылайша өз білімімізбен әлемді жаңғыртуға, жақсартуға үлес қосамыз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Қаскелең қаласы.