Осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық Мәдениет үйінде, Қазақстан Республикасының 30 жылдығы аясында, «Менің ауылым, менің Отаным» атты Гүлнар Әбіштің қолөнер бұйымдары мен сурет көрмесі өтті. Жиынның алғы сөзін аудандық Мәдениет үйінің директоры Эльнұр Нұрғожаева бастап сөйлеп, ұйымдастырылған шараның мән-маңыз-дылығын тілге тиек етті.
Одан кейін жиналғандар Гүлнәр Әбіштің кестелі картиналарын тамашалады. Жалпы, ол кісі мамандығы экономист болғанымен, көп жылдардан бері кесте тігумен айналысады. Жұмыс басты адамға уақыт тауып кесте тоқу да оңай шаруа емес. Гүлнәр ханымның тағы бір ерекшелігі, Тәж-Махал сынды әлемдегі тарихы тереңде жатқан ерекше сәулет ғимараттары мен мешіттерді өрнектейді. Мешіт, сәулетті ғимараттарды тоқуға бес-алты айдай уақыт кететін көрінеді. Кесте өнерінің хас шеберінің туындыларының көрмесі ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Көрмеге шебердің кестелеу техникасымен орындалған отыздан аса жұмысы қойылған. Мұндай картиналар өте ұзақ сақталады. Олар көздің жауын алар әдемілігімен бірге, суретті құрап тұрған атом бөлшектеріндей аса ұсақ фактураларды да түйсінуге, сезінуге жетелейді. Мұндай кестенің беті жарыққа байланысты көз алдыңызда құбылып отырады: күндіз салқын көкшіл реңкте болса, кешкісін шамның жасанды жарығындай жылы реңкке енеді. Гүлнар ханым Үндістан еліндегі Тәж-Махал мавзолейін алғаш көргенде ерекше шабыт алып, мектеп қабырғасындағы кесте тігуге деген қызығушылығы арқасында, әлемнің ғажайып мешіттерін кестелеуді әдетке айналдырды. Жеке коллекциясында 25-тен астам жұмыстары бар. Сонымен қатар, шараның аясында оқушылар «Менің ауылым, менің Отаным» тақырыбы аясында өлеңдер оқыды. Оларды белсене қатысқаны үшін Элнұр Қайратқызы Алғыс хаттармен марапаттады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.