Жамбыл – текті ақын, жаужүрек, батыр да батыл, күрескер ақын. Ол тоғыз ақынды жеңіп отырған бұлбұл ақын, дүлділ ақын Құлмамбетті жеңген соң-ақ бүкіл қырғыз-қазақтың бас ақыны атанды.
1912 жылы қырғыздың Шәбден манабының асында бас бәйгені алып, Тоқтағұлды қудалаудан қорғап қалды.
1913 жылы Алматыда Романовтардың 300 жылдығы тойында патшаға, оның нөкерлеріне қарсы өлең айтып, түрмеге қамалып, ел-жұрт дүрлігіп, көтеріліп, әзер босатып алады.
1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ашына жаһанға жар салып, халықпен бірге жүрді, Үшқоңырдағы Бекболат Әшекеев көтерілісінің жалынды жаршысы болды.
Кеңес өкіметі жаңа орнағанда Жандосов, Бәрібаев бастаған большевиктер басшыларын өлеңімен быт-шыт қылып, әшкерелеп тастағаны аңыз боп тарады.
Қазақстанның бірінші басшылары Мирзоян, Скворцов, Шаяхметовтер бүкіл игі жақсылары осы ауылға жиі келіп, Жәкеңе сәлем беріп қайтуды үлкен мәртебе санады.
Тоқсан жасында бақ қонып, бүкіл Кеңес Одағы төбесіне көтеріп алып кеткенде де даңқ пен атаққа мастанбай, тектілік танытып, биік адами қалпынан таймады.
Ғасыр жасаған әулие ақын атамыз адам танымай асқақтап кеткендерді бет-жүзің бар демей тайсалмай, тайсақтамай жырымен дауыл тұрғызып, қара жерге шегедей қағып жіберетін.
Таужүрек текті ақын қарадан да, ханнан да сескенбей, тең дәрежеде сөйлесіп, ғибратты ғұмыр кешті. Бәрі «тәтелеп», «Жәкелеп» жүрді. Аспай-таспай адамдық қасиетін биік тұрғыда сақтай білуі – нағыз тектілік емес пе!
Ұлы ақынның 170 жылдығы жақсы аталып өтті.
Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Астраханьда Жамбылға арналған үлкен кеш өткізілді. Астанада Жоғары сот ұжымы арнайы шара ұйымдастырды. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде ғылыми конференциялар өтті.
Жамбыл облысы республикалық жыршы-термешілер конкурсын ұйымдастырды, Шымкентте ақындар мүшайрасы, Ұзынағашта республикалық оқушылар айтысы өтті. «Қазақстан» телеарнасы түсірген Жамбыл жайлы 4 сериялы фильмнің тұсаукесері болды. «Мөлдір бұлақ» журналы арнайы бәйге жариялады.
Осы орайда үш жерді ерекше атап айтуға болады. Өткен ғасырдың аяғында Әдебиет және өнер институтындағы Жамбылтану бөлімі жабылып қалған болатын. Бұл бізді қатты қынжылтатын. Біз ұсыныс түсіріп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев мырза осыдан бес жыл бұрын «Жамбылтану және халық ақындары» институтын ашты, ол бірталай игі істер атқарды. Биыл Жамбылдың бір томдығын және «Жамбыл әзілдерін» кітап етіп шығарды. «Жамбыл әлемі» атты газет шығара бастады. Республикалық студенттер айтысын ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа арнайы барып, ұсынысымызды айтқан едік. Осы университетте «Жамбыл және фольклор» атты ғылыми орталық ашылды, халықаралық конференция өткізілді. Жамбылдың екі томдық жинағын шығарды.
Кезінде М.Жолдасбеков, С. Садырбаев ағаларымыз Жәкең жөнінде докторлық диссертация қорғаған еді. Одан бері тәуелсіздік алған елімізде Жамбыл жайлы жаңа көзқарастағы ғылыми диссертациялар қорғалмауы қынжылтады.
Ұрпақтан-ұрпаққа қалатын асыл мұра, басты қазына – кітап. Жамбылдың жауһар жырларын ел есіне жиі-жиі түсіріп тұруы қажет. Биыл біраз жинақтар шығарылды.
Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың Мәскеуден орысша Жамбыл жайлы кітабы оқырмандар қолына тиді. Қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті конференция материалдарын жеке кітап етіп шығарды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мірхалықов бастаған ұжымы жыл басынан бері бірнеше игі істер атқарды. «Жамбыл феномені» атты кітап шығарды, ақындар мүшайрасын өткізді, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ал, менің тікелей ұсыныс-тілегіммен мынандай кітаптар шығарылды:
«Жыры әлемді шарлаған» – Жамбылдың шетел тілдеріндегі өлеңдер жинағы. «Өсиет» атты ғибраттық-танымдық жыр кітабы. «Жамбыл феномені» – Жамбыл жайлы естеліктер мен мақалалар жинағы. «Жамбыл толғау» деген өзімнің Жамбыл жайлы повесть, зерттеу, әңгімелер жинағым.
Бұл кітаптардың барлығын кітапхана, музей, мектептерге тегін таратылды.
Сондай-ақ, «Жамбыл және оның ақын шәкірттері» атты кітап және оқушы ақындар жинағы әзірленуде.
Жыл бойы Жамбыл жылы деп аталды. Осыған орай жер-жерден көптеген кештер ұйымдастырылды.
«ТҮРКСОЙ» ұйымы мен Түркиядағы елшіміз Жансейіт Түймебаев мырза мынандай шаралар өткізді:
– Жамбылдың Түркиядан түрік тілінде кітабын шығарды.
– Бір саны тұтас Жамбылға арналған әдеби журнал шығарылды.
– Қырғызстанда Жамбыл күндері өткізілді.
Халықаралық Түркі әлемі академиясы «Жамбыл және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі» атты халықаралық конференция өткізді.
Астана, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және басқа да облыстар, аудандар мен оқу орындарында, түрлі мекеме-ұйымдар, оқу орындары Жамбыл жайлы тағылымдық шаралар ұйымдастырды.
Дінмұхамед Қонаев атындағы гуманитарлық университеті, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар ансамблі, Қостанай мемлекеттік университеті, Алматы қаласы тарихының музейі, Астанадағы ұлттық өнер университеті, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті және басқа да оқу орындары мен ұйым басшылары Жамбыл жайлы арнайы іс-шаралар өткізді.
Белгілі мемлекет қайраткері Серік Үмбетовтің тікелей ұйымдастыруымен Астанада Жамбылдың асқақ рухын танытатын ескерткіші бой көтерді. Жамбылдың немересі Жеңісхан Ізтелеуов ауылда Алғадай ескерткішін тұрғызды.
Әлем Жамбыл арқылы кезінде қазақ елін таныды. Жамбыл жырлары Кеңес Одағындағы 140-қа жуық ұлттар мен ұлыстардың барлық тілдеріне аударылды. Әлемнің 70 мемлекетінде Жамбыл өлеңдері жарық көрді.
Қуаныш Сұлтанов, Тайыр Жароков, Мырзатай Жолдасбековтей рухы биік қайраткерлер елші болған кезде Қытайда, Ресейде, Иранда Жамбыл жырлары дүркін-дүркін кітап болып басылып шықты.
Қазақтың даналары мен атақты тұлғаларының көбісіне арналған энциклопедиялар шығарылды. Ал, Жамбыл жайлы энциклопедия шығару қажет-ақ.
Осы арада айтпай кетпеуге болмайтын бір нәрсені атап өткім келеді. «Ұлы адамның артынан сөз ереді, сұлу қыздың артынан көз ереді» демекші, Жамбыл ата жөнінде де сыңарезу, қисық-қыңыр әңгімелер бой көрсетіп қалады. Атақ-даңқы әлемді шарлаған, қасиет-кие, әулиелік баса қонған, қызыр шалған Жамбыл бабамызға ғайбат айтқанның оңғаны жоқ. «Жамбыл өлеңдерін өзі емес хатшылары жазып береді» деп Мәскеуге арыз жазған тоғыз адамның бәрінің де тағдыр-тауқыметі қасіретті болды. «Жамбыл ақын емес» деп айқай салған бір ақын жігіт кейін қайғылы трагедияға ұшырады. Бір газет: «Қарасай батыр емес, Жамбыл ақын емес» деген мақала жариялады. Дереу әлгілермен бір жылдан астам соттастық, дауластық. Кейбір оқымысты, зиялы қауым өкілдері бұндай кезде шеттеп, тайғақсып, басын алып қашты. Кеңес Керімбаев бастаған жігіттер бес жүзден астам адамның қолын жинап берді. Ақыры газетті де, жазған авторды да сот жазықты деп тауып, әділ шешімін шығарды.
Ұлы баба – Жамбыл атамызға, әруаққа баспасөзде тіл тигізіп жатқанда Жұмабай Шаштайұлы екеуіміз ғана қарсы шығып, қалғандарымыз бұғып қалатынымыз қалай?
Күнді алақанмен жауып тұра алмайсың.
Жамбыл әулие, көріпкел. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай деген еді: «Соғыста бірге жүрген 7 солдаттың түсіне Жамбыл кірді. Сол жетеуміз де соғыстан тірі қайттық. Олар кейін академик болған Сақтаған Бәйішев, қаржы министрі болған Рымбек Байсейітов, еңбек ардагері Ермек Далабаевтар еді. Бәріміздің қалтамызда Жамбыл атаның газетте басылған суреті бойтұмардай жүрді» деген еді жарықтық ақсақал.
Атақты, киелі, қасиетті адамдардың пірі-киесі болады. Жамбыл атамыздың киесі – қызыл шұбар жолбарыс. Ондай кие Қарасай батырдан Төле биге, одан Сұраншы батырға, одан Сарыбай биге, одан Жамбыл атама қонған екен.
Кезінде Жамбыл ата кесенесінің босағасына сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов мырза қызыл шұбар жолбарысын жасатып қойғызған еді. Кейінгі кезде көрінген бейітке жолбарыс қою етек алып барады. Мұны тоқтату керек деп білемін.
Әкімі ақынын іздеген ел бақытты. Үмбетәлі Кәрібаевтың 125 жылдығында Үмбетәлі ауылы, былтыр Сүйінбайдың 200 жылдығында Қарақыстақ ауылы құлпырып, жайнап кетті. Жамбыл ауылы мен музейін жөндеп, көріктендірген Алматы облысы әкімі Амандық Баталов мырзаға көпшілік алғысын айтуда.
Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан-байтақ жерімізді қорғап, сақтап қалуда Жамбылдай дуалы ауызды ақындарымыздың өршіл рухтағы өлең-жырларының ролі зор болғанына өмір куә.
Ұлы ақын мұрасын жастарға үйретудің бір төте жолы – егер мектептегі әр оқушыға жылына Жамбылдың бір өлеңін жаттатса, мектеп бітіргенде оннан астам ғибратты жырын бойына сіңіріп алар еді.
Адамзат алдында екі зауал бар: ол ұлтаралық және дінаралық араздық.
Қайысқан қара орман бір тал шырпыдан түгел өртеніп кетеді. Ең басты байлық – тыныштық.
Жамбыл ғұмыр бойы ұлттар достығын, ел бірлігін, баршаның ынтымақ-тыныштығын жырлады.
Ол аузынан Алласы түспей, ораза-намазын қаза қылмаған дін-исламды құрметтеген абыз, ақсақал.
Ел бірлігі мен отаншылдыққа үндеді, елжандылық пен халықтар достығын жар сала жырлады. Жамбыл мұрасы – бүгінгі ұлы даламыздағы тұңғыш Елбасы Н. Назарбаев айтқан «Мәңгілік ел» идеясы емес пе! Мәңгілік ел – қазақ елі барда Жамбыл есімі асқақтай береді, жасай береді.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Алматы облысының Құрметті азаматы.