Жуырда, «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы және «Қарасай ауданының жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен, «Менің елім – Қазақстан!» атты жастар акциясы өтті. Акцияның басты мақсаты жалпыұлттық патриоттық идеясын жастардың бойына сіңіру болып табылады. Жиынға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы – Сайлаубек Қасенбайұлы Қыдыралиев, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, ардагер ұстаз, республика білім беру ісінің үздігі – Шара Қанатқұлқызы, «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары – Ықылас Еркінұлы Амалбек, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының менеджері – Гүлбану Қуатқанқызы және аудан жастары қатысты.
Алғашқы сөз кезегі аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы – Сайлаубек Қыдыралиевке беріліп, ол өз сөзінде жастар еліміздің қозғаушы күші екендігін айтып, Елбасымыздың жастарға үлкен сенім артып отырғанына тоқталды.
Келесі сөз кезегі – аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызына берілді. Ардагер әжей жастарға Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын түсіндіріп өтті.
«Нұр Отан» партиясы –Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары – Ықылас Еркінұлы партияның «Жастар – Отанға» жобасын кеңінен түсіндіріп, алдағы уақытта аудандық жастар ресурстық орталығымен бірге жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Елбасының жыл сайынға Жолдауларында жастарға ерекше көңіл бөлетіндігін айтып, аянбай еңбек етуге шақырды. Ал, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының менеджері Гүлбану Қуатқанқызы жастарға өз кәсібін ашу үшін бүгінде барлық жағдай жасалғандығын айтып берді.
Кездесу соңында «Қарасай ауданының жастар ресурстық орталығы» «Жасыл ел – еңбек жасақтары» ұйымының белсенді мүшелері атынан Жақсылықов Дінмұхамет Біржанұлы мен Оспанова Мөлдір Серікбайқызы сөйлеп, жиынға келген қонақтарға алғыстарын білдіріп, ел болашағы үшін аянбай еңбек ететіндерін айтты.
Алмас АЛДАБЕРГЕН.