Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Айтулы датамен қоса жақында мемлекеттік қызметшілер күні де мерекеленді. Осыған орай, тәуелсіздікпен тұспа-тұс өмірге келіп, Қарасай ауданында мемлекеттік қызметте адал еңбек етіп келе жатқан азаматтар жетерлік. Соның бірі – Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақов.
Жастайынан ата-анасының берген жақсы тәрбиесін бойына сіңіріп, адал азамат болып, адамдарға көмек беруді үйренген Абылай бүгінде Іргелі ауылдық округінде әкім болып қызмет атқаруда. «Жас келсе іске» демекші, өзіне алған міндетті абыроймен атқарып, халыққа қызмет етіп келе жатқан Абылай 1991 жылы Жамбыл ауданының Сұраншы батыр, бұрынғы Амангелді ауылында дүниеге келген. Мектеп табалдырығын аттағаннан кейін, 2013 жылы «Нархоз» универститінде «экономист» мамандығы бойынша бакалаврды, 2015 жылы «Тұран» университетінде «экономика және бизнес» мамандықтары бойынша магистратураны тәмамдаған. Еңбек жолын жоғары оқу орнында білім алып жүріп, Қарасай ауданы, Жандосов ауылдық округ әкімдігінде бас маман болып бастаған. Іскерлігімен көзге түсіп, екі жылдың ішінде аталмыш округ әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылаған.
– Мемлекеттік қызметке университетте жүрген кезімде-ақ барамын деп жоспарлап қойған болатынмын. Кез келген жас маман сынды мен де қызметтік өсуі бар, болашағы бар салада қызмет атқаруды армандадым, – дейді Абылай.
Бес жыл Жандосов ауылдық округі әкімдігінде қызмет етіп, біліктілік тәжірибе жинаған соң, халқы көп бар Іргелі ауылдық округі әкімдігіне ауысқан. Онда әкім орынбасары қызметінде екі жылдан аса еңбек етіп, 2019 жылы аталмыш округтің әкімі болып сайланған.
– Алғашқы уақытта жас болған соң, қабылдауға келген егде жастағы кісілермен бір мәмілеге келу қиындық туғызатын. Бір сөзбен айтқанда, жас қой деп, сенімсіздік танытып, мән-жайды анықтауда біршама әбігерге түсетінмін. Бірақ, жергілікті халықтың қолдауымен, жұмысқа тез үйреніп тіл табысып кеттім.
Әрине, 36 мың халқы бар округті басқару оңай емес. Алайда, жас та болса басшы болып отырған Абылай үш елдімекеннің қиыншылығы мен ауыртпашылығын бірдей көтеріп, округтің мәселелерін оңтайлы шешілуіне барын салуда.
Жұмыстан тыс уақытта біздің кейіпкеріміз дене шынықтырумен қатар, кітап оқып, бокспен айналысуды жақсы көреді. Отбасының тұңғышы болғандықтан, артынан ерген інісіне үлгі болып, ата-анасының үмітін ақтауда.
Міне, біз айтқан мемлекеттік қызметші Абылай Ысқақов осындай азамат. Тәуелсіздіктің төл құрдасын кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!
Бақдаулет ТАЛИПОВ.