Жуырда аудан орталығындағы Қарасай батыр кешенінде, аудандық спорт бөлімі және «Қуат» мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен, пара дзюдо мен пара таэквандодан ашық турнир өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, оларға қолдау білдіруді мақсат еткен бәсекеге алты команда қатысты. Сонау Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысынан, сондай-ақ, Алматы облысынан Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарынан да спортшылар келіп бақ сынады.
Ақылмен қатар дене күшін қажет ететін сайыста қатысушылар табандылық танытты. Бағы мен бабы қатар шапқандар үздік екендерін дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, пара дзюдодан ересектер арасында 60 кг – Е. Құсайынов (Қарасай ауд.), 66 кг – Е. Жоламанов (Жамбыл ауд.), 73 кг – Қ. Ақымбаев (Қарасай ауд.), 81 кг – Б. Жанмұхан (Қарасай ауд.), 81 кг-дан жоғары – Р. Қожанов (ОҚО) жеңімпаз атанса, қыздардан Талғар ауданынын келген А. Тайжанова оза шапты. Ал, жасөспірімдерден Жамбыл облысының намысын қорғаған А. Ахмедов көрермендерді таң қалдырды.
Сонымен қатар, пара таэквандо да тартысқа толы болды. 61 келіде қарасайлық Ж. Тілегенов, 61 келіден жоғары салмақта Жамбыл ауданынан келген С. Мұстақымов үстем түсіп, жеңімпаздар қатарынан табылды. Оларға арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтар табысталды.
Осылайша мүмкіндігі шектеулі болса да, оларға сүйікті ісімен айналысуға жағдай жасап, қолдау білдірген ұйымдастырушылар аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне, Қарасай батыр кешені басшылығына, «инватаксимен» камтамасыз еткен Жамбыл аудандық мүгедектер қоғамына, «Мейірім» қоғамдық бірлестігіне алғыстарын білдірді.
Алмас АЛДАБЕРГЕН.