Домбыра – қазақтың киесі, қасиетті қазынасы. Өткен жылы Елбасының шешімімен қазақтың жанына жақын аспабының мәртебесі артып, шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні арнайы бекітілген болатын. Бұл нағыз, шынайы халықтық мерейлі мерекеден қасиетті Қарасай жерінің ел-жұрты да қалыс қалған жоқ. Екінші рет, аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен, аудан орталығындағы перзентханада «Қасиетті домбыра» акциясы өтті.
Осыны негізге алып өткен аптаның жұмасында аудандық Қоғамдық келісім және Қаскелең қалалық ардагерлер кеңестерінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова ұйымдаса, аудан орталығындағы перзентханаға арнайы барды. Мұндағы мақсат домбыра күні қарсаңында дүниеге келген нәрестелердің аналарына естелікке ұлттық аспаптың кішірейтіліп жасалған кәдесыйларын сыйлау еді. Бұл күні ауданымыз бойынша жеті сәби дүние есігін ашқан, оның төртеуі ұл, үшеуі қыз екен. Алдымен елге қадірлі ардақты Несіпбала мен Ақылия апаларымыз баталарын беріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан ашық хаттарды мерейлі күнге өмірге ұрпақ әкелген аналарға табыстады. Ал, жиынға басынан бері қатысып, игілікті бастаманың куәгері болған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев бұл шараны жыл сайын дәстүрге айналуының мән-маңызы зор екендігін атап айтып, қашанда қолдайтынын жеткізді. Басқосу одан әрі аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Домбыраның шанағында күмбірлей орындалған күйлер ұлттық аспаптың қастерлілігін одан әрі айқындай түскендей.
Айтулы күнде ұйымдастырылған мерекелік жиын домбыраның қасиет-қадірін тағы бір дәлелдеп, жиналғандарға да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.