Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеше ғана «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жаңа Жолдауын жариялады.
Мұны да, сөз жоқ, мемлекет басшысының егемен елімізді одан әрі дамыту үшін тағы да үлкен де нақты міндет-мақсаттар қойған, мән-маңызы айрықша құжат деуіміз керек.
Алдымен Елбасымыз «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни, төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды» деп атап көрсете отырып, осы бағытта атқарылар аса ауқымды істерге кеңінен тоқталған, оларды жан-жақты ашып, анықтап айтып берген.
Бүгінде дүниежүзінде үлкен беделі мен өзіндік орны бар республикамызда «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Осы заманғы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы да қабылданды. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастау алғанын да білеміз. Бүкіл қоғамға тың серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тағы бар.
Иә, туған Қазақстанымыз өрісін кеңейту, өсу, өркендеу үстінде. Алайда, бізге озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін әлі де көп міндетті жүзеге асыру керек.
Сондықтан да Президентіміз осы орайдағы он міндетті санамалап көрсетіп берді. Олардың бәрінде мемлекетті ілгері бастырудың сан қыры қамтылған. Барлығы да аса маңызды, мәні үлкен мәселелер.
«Айтылған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек» деді Елбасы осыған орай.
Лайым, солай болғай!
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.